Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бельгия Королі Филипптің қатысуымен Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысы өтті. Жиын барысында Мемлекет басшысы мәртебелі меймандарға ілтипат білдіріп, Бельгия Королі Филипп пен Патшайым Матильданың бұл сапары екі ел арасындағы тату достық пен екіжақты серіктестікті жаңа сапалы деңгейге шығаруға деген ортақ ұмтылысты айқындайтынын атап өтті,деп хабарлайды SteppeNews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
15 миллиард доллар инвестиция және сауда-саттық өсімі

Президент өз сөзінде Бельгияның Қазақстан экономикасындағы ең ірі 10 инвестордың қатарына кіретініне тоқталды. Соңғы жиырма жылда бельгиялық компаниялар ел экономикасына 15 миллиард доллардан астам тікелей қаржы құйған.
Бүгінде еліміздің агроөнеркәсіп, денсаулық сақтау, фармацевтика, озық технологиялар мен энергетика секторларында Jan De Nul, Sarens және Ahlers сияқты жетекші бельгиялық компанияларды қосқанда 100-ден астам бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, екіжақты өзара сауда айналымы оң динамика көрсетуде: биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 10 пайызға жуық өскен. Мемлекет басшысы Қазақстанның Бельгия үшін Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі болып қала беретінін жеткізді.

Президент Король Филипптің екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды орнықтыруға қосқан жеке үлесін жоғары бағалады:
«Сіз 16 жыл бұрын Қазақстанға сауда миссиясын бастап келдіңіз. Бұл қадам елдеріміздің іскер топтары арасындағы ұзақмерзімді ықпалдастыққа берік негіз қалады. Дегенмен ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға әлеуетіміз жеткілікті», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Энергетика, жасыл сутегі және аса маңызды минералдар
Қазақстан еуропалық нарыққа тұрақты түрде мұнай жеткізуші ретінде энергетикалық қауіпсіздікке үлес қосып келеді. Дегенмен, Мемлекет басшысы жаңартылатын қуат көздері, декарбонизация, жасыл сутегі өндірісі және шикізатты терең өңдеу бағыттарында ықпалдастықты кеңейтуді ұсынды.

Атап айтқанда, Король Филипптің мемлекеттік сапары аясында аса маңызды минералдар бойынша арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Қазақстан Еуропа өнеркәсібі үшін өте қажет 34 шикізат түрінің 21-ін өндіреді әрі Бельгияға титан мен молибден өнімдерін экспорттайды.
«Біздің ресурс әлеуетіміз бен Бельгияның инвестициясын, технологиясы мен білім-білігін ұштастыра отырып, осы өте маңызды салада стратегиялық серіктестік құра аламыз. Джон Кокерилл (John Cockerill) және Qarmet компаниялары мырышталған болат пен қорғаныш жабындарын өндіру бойынша серіктестікті жолға қоймақ», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Инвестициялық климат және халықаралық позиция
Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және конституциялық кепілдіктер туралы айта келе, Қазақстанның жаһандық сахнадағы орнына тоқталды. Халықаралық зерттеу және рейтинг агенттіктерінің соңғы бағалауына сәйкес, Қазақстан әлемнің ең ықпалды елдерінің арасында 34-орынға тұрақтады.
Бұл жетістік макроэкономикалық тұрақтылықпен, цифрландырумен, жасанды интеллектіні дамытумен және азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі реформалармен тығыз байланысты. «Бірлігіміз – әралуандықта!» қағидатына сүйенген елдегі тұрақтылық бельгиялық инвесторлар үшін ашық әрі сенімді бизнес ортаны кепілдендіреді.

Өз кезегінде Бельгия Королі Филипп Еуропа мен Орталық Азияның стратегиялық тоғысында орналасқан екі елдің транзиттік-логистикалық және технологиялық әлеуетін жоғары бағалады:
«Еуропалық одақтың дәл ортасында орналасқан Бельгия Еуропа нарығына шығатын қақпа ретінде елеулі рөл атқарады. Ал Қазақстан географиялық орналасуы мен мол ресурстарының арқасында өңірлік сауда, инвестиция және жасыл экономика орталығына айналды. Географиялық алшақтыққа қарамастан, мақсат-мұратымыз бен табандылығымыз тұрғысынан біз өте жақын елдерміз», — деді Король Филипп.
Сапар қорытындысы бойынша екі елдің бизнес өкілдері энергетика, аса маңызды минералдар, көлік-логистика, қаржы және туризм салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.
Келесі материал: Ташкентте «Қытай – Орталық Азия 2026» халықаралық сауда көрмесі өтеді
