Қазақстандық оқушылар Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен FIRST Global Challenge 2026 халықаралық робототехника чемпионатында әлемдік рейтингтің төртінші сатысына көтерілді. Байқауға 185 елдің ұлттық құрамалары қатысып, қазақстандық команда іріктеу кезеңіндегі барлық 11 кездесуде жеңіске жетті, деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Оқу — ағарту министірлігіне сілтеме жасап.
Іріктеу кезеңіндегі 11 кездесудің барлығында жеңіске жеткен Қазақстан құрамасы плей-офф кезеңіне жолдама алды. Жарыс қорытындысы бойынша команда әлемнің үздік төрт құрамасының қатарына қосылды. Бұл нәтиже оқушылардың инженерлік дағдылары мен командалық жұмыс деңгейін көрсетті.
Қазақстан құрамасы бұған дейін FIRST Global Challenge чемпионатында төрт жыл қатарынан жеңімпаз атанған. Биылғы жарыста да жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар елдің халықаралық робототехника саласындағы әлеуетін танытты.

Қазақстан атынан кімдер өнер көрсетті?
Ұлттық құрама сапында Алматы қаласындағы екі білім беру ұйымының оқушылары бақ сынады.
Махатма Ганди атындағы №92 мектеп-лицейінің 9–11-сынып оқушылары Хусейн Мақсұт, Нұртас Серік, Аспандияр Бердали және Арнур Абдулла, сондай-ақ Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназияның оқушысы Ерасыл Ендібай Қазақстан намысын қорғады.
Қазақстан құрамасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен USTEM Foundation қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырған іріктеу нәтижесінде жасақталды.

Жобаны ұйымдастыруға Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Astana Hub халықаралық инновациялық кластері де қатысты. Сонымен қатар Astana Motors құрамындағы OMODA & JAECOO брендтері командаға қолдау көрсетті.
FIRST Global Challenge — әр елдің оқушылары инженерия, бағдарламалау және робототехника бағыттарындағы білімдерін сынайтын халықаралық жарыс. Мұндай чемпионаттар жасөспірімдердің технологиялық сауаттылығын дамытуға, инженерлік ойлау қабілетін жетілдіруге және халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.
Келесі материал: Қазақстан мен Бельгия маңызды минералдар, жасанды интеллект және көлік салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтеді
