Шымкентте қазақстандық әнші Қайрат Нұртастың концертіне кіреберісте адам көп жиналып, қысылыс болған. Салдарынан сегіз адам медициналық көмекке жүгінді. Олардың жетеуі дәрігерлер тексергеннен кейін үйіне жіберілсе, 18 жастағы қыз ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды SteppeNews.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға 10 қазанда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда өтті. Мұнда әншінің шығармашылық қызметінің 20 жылдығына арналған «Сахнада 20 жыл» атты концерті ұйымдастырылған.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен 18 жастағы қыз медициналық мекемеге жеткізілген. 11 қазан таңындағы жағдай бойынша оның ахуалы тұрақты ауыр деп бағаланып, денсаулығында біршама оң өзгеріс байқалған. Қазір науқасқа қажетті медициналық көмек көрсетіліп, дәрігерлердің бақылауында жатыр.
Шымкент қалалық полиция департаменті қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелгенін мәлімдеді.
Полицияның хабарлауынша, адам көп жиналғандықтан, концертке келген әйелдердің бірі зардап шеккен. Қыз медициналық мекемеде дәрігерлердің бақылауында.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Іс аясында концерт ұйымдастырушылары полицияға жеткізілген. Олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, содан кейін тиісті процестік шешім қабылданады.
Freedom Афиша мәлімдеме жасады
Оқиғаға қатысты Freedom Афиша командасы да пікір білдірді. Компания зардап шеккендер туралы хабарламаларға алаңдаушылық білдіріп, болған жағдайдың мән-жайын анықтап жатқанын мәлімдеді.
Компанияның хабарлауынша, концерттің ұйымдастырушысы — Show Service компаниясы. Ал Freedom Афиша ұйымдастырушы белгілеген квота шеңберінде билеттерді сатумен айналысқан. Сонымен қатар компания еріктілердің жұмысын қамтамасыз етіп, олар көрермендердің билеттерін тексеріп, білезіктер таратқан.
Freedom Афиша өкілдері алаңды дайындау, көрермендерді кіргізуді ұйымдастыру және күзет қызметін тарту өздерінің жауапкершілік аймағына кірмегенін атап өтті.
Компания құқық қорғау органдарына қажетті ақпаратты беруге, іс-шараға дайындық және өз командасының жұмысы туралы қолда бар материалдармен бөлісуге дайын екенін жеткізді.
Сондай-ақ Freedom Афиша оқиға туралы ақпараты бар зардап шеккендер мен куәгерлерді компанияға хабарласуға шақырды.
Байланыс телефоны: +7 771 936 53 53. Электрондық пошта: help@ticketon.kz.
Келесі материал: Лоян қаласында шетелдік мэрлер мен қала өкілдері Лунмэнь үңгір храмдарын аралады
