Ақтөбе қаласында қағаз және картон өндіретін жаңа кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр. Жоба қалдықтарды қайта өңдеу саласын дамытуға және заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған. Оны ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ қаржыландырып отыр деп хабарлайды SteppeNews.kz.

Кәсіпорынды «CAPITAL PLAST KZ» ЖШС жүзеге асыруда. Зауыт өндірістік қуатына толық шыққан кезде жылына 18 мың тоннаға дейін гофрлауға арналған қағаз және 24 мың тоннаға дейін тегіс қабаттарға арналған картон шығара алады.
Жобаның жалпы құны шамамен 10,3 млрд теңге. Қаржыландыруға «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдерінен түскен қаражатты бағыттады.

Қазір құрылыс алаңында негізгі жұмыстар жалғасып жатыр. Мұнда іргетас құю, қойма салу және қадаларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Қазандықтың құрылысы аяқталған. Кәсіпорынды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Зауыт толық қуатына шыққаннан кейін 300-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Кәсіпорынның іске қосылуы қайталама шикізатты пайдалана отырып, қағаз және картон өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Ақтөбеде макулатураны қайта өңдеу өндірісіне тарту көлемін ұлғайту көзделіп отыр.

Айта кетейік, «Жасыл даму» АҚ бұған дейін кәдеге жарату төлемдері есебінен жалпы құны шамамен 116 млрд теңге болатын 30 жобаны қаржыландырған.
Бұл жобалар қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамытуға, қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға, қалдықтарды көму мөлшерін азайтуға және қайталама шикізатты экономикалық айналымға енгізуге бағытталған. Мұндай жұмыстар Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Келесі материал: Қазақстанда өндірілетін жаңа OMODA C5 Plus көлігінің бағасы белгілі болды
