Қоғамда Еңбек министрлігінің әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін азаматтарды әл-ауқат деңгейіне қарай бес санатқа бөлу бастамасына қатысты қызу пікірталас өрбіді. Қазақстандықтардың бір бөлігінің алғашқы реакциясы шынайы наразылық пен алаңдаушылық болды. Өйткені адамдар өздеріне белгілі бір «таңба» тағылып, мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін жаппай қысқартуды жоспарлап отыр деп қауіптенді.
Алайда мұндай теріс реакция көбіне жауапты ведомствоның халықпен түсіндіру жұмыстарын жеткіліксіз жүргізуінің салдары болды. Адамдарға ең басты мәселе дер кезінде түсіндірілмеді: әңгіме бюджет қаражатын тиімсіз түрде жаппай үлестіруден бас тартып, көптен бері қажеттілігі туындаған атаулы қолдау жүйесіне көшу туралы болып отыр.
Халықаралық тәжірибеде бұл құрал means-tested assistance деп аталады. Яғни әлеуметтік көмек формалды анықтамаға емес, расталған мұқтаждық пен нақты өмір сүру деңгейіне қатаң негізделіп бөлінетін модель.
Көп жылдар бойы еліміздегі жәрдемақы жүйесінде жүйелі теңгерімсіздік болды: салық төлеушілердің қаражаты көбіне объективті түрде мұндай көмекке мұқтаж емес адамдарға жұмсалып келді. Аз қамтылғандарға арналған көмекті алу үшін қымбат жол талғамайтын көліктермен келген азаматтар туралы халық арасында тараған мемдер мен шынайы оқиғалар осы қисынсыздықтың айқын көрінісіне айналды.
Көлеңкелі экономика жағдайында адам коммерциялық жылжымайтын мүлігі мен табысты бизнесі бола тұра, ең төменгі табысын көрсетуі немесе өзін жалған жұмыссыз ретінде тіркеуі мүмкін еді. Соның салдарынан бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалып, ал шынымен көмекке мұқтаж отбасылар негізгі қажеттіліктерін де өтей алмайтын мардымсыз сомалар алып келді.
Бір үлкен резонанс тудырған жағдайды еске салайын: 2022 жылы Шымкент қаласының әлеуметтік қорғау басқармасы көмекті заңсыз алудың жүздеген дерегін анықтады. Қала тұрғындары табыстарын жасырып, аз қамтылғандар ретінде жәрдемақы алған, ал шын мәнінде коттедждерде тұрып, қымбат көліктер мінген.
Әлемдік тәжірибе жаппай, саралаусыз төлемдерден бас тарту экономикасы дамыған елдер үшін қалыпты жол екенін дәлелдейді. Ұлыбританияда Universal Credit жүйесі әлеуметтік жәрдемақыларды бірыңғай цифрлық тетікке біріктірді. Онда қолдау мөлшері отбасының жиынтық табысы мен жинақтарын ескере отырып, автоматты түрде қайта есептеледі.
Германияда Bürgergeld базалық әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі қатаң қаржылық скорингке негізделген. Мемлекет өтініш берушінің ағымдағы табысын ғана емес, оның өтімді активтерін де бағалап, өз жинағына сүйеніп күн көре алатын адамдарды қолдау алушылар қатарынан шығарады.
Оңтүстік Кореяда базалық әлеуметтік кепілдіктердің ұлттық жүйесі үй шаруашылығының есепке алынатын табысымен қатар мүліктің ақшалай құнға айналдырылған көрсеткішін де ескереді. Бұл мемлекетке қаражатты нақты кедейлікті жоюға бағыттауға мүмкіндік береді.
Әл-ауқаттың бес деңгейін енгізу Қазақстан экономикасы үшін нені білдіреді?
Ең алдымен, триллиондаған теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жұмсауды тәртіпке келтіруді білдіреді. Ел бюджетінің мүмкіндіктері шектеулі. Ал ауқатты азаматқа берілген әрбір төлем – күнкөріс шегінде өмір сүріп жатқан адамдарға жетпей қалған ресурс.
Табыстарды, кредиттерді, жылжымайтын мүлікті, көлік құралдарын және тұрмыс жағдайын талдайтын цифрлық жүйе көлеңкелі кәсіпкерлердің әлеуметтік көмек алу үшін пайдаланатын олқылықтарын жабады.
Реформаның мәні – басымдықтарды нақты қайта бөлу. Мемлекеттік көмек қиын өмірлік жағдайға тап болған, оған шынымен мұқтаж азаматтар мен отбасылар үшін кепілді түрде сақталады. Сонымен қатар табысы мен активтері өзін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін адамдардың әлеуметтік төлемдерге қол жеткізуіне шектеу қойылады.
Әрине, осы кезеңде Еңбек министрлігі үшін ең басты сабақ – қоғаммен диалог жүргізу тәсілін түбегейлі өзгерту қажеттілігі. Дерекқорларға озық цифрлық құралдарды енгізу жеткіліксіз. Қабылданатын шешімдердің логикасын халыққа түсінікті тілмен жеткізу, алгоритмдердің ашықтығына және ішкі санаттаудың құпиялылығына кепілдік беру қажет.
Ал мұқтаждықты тексеруге көшудің өзі – шынайы әлеуметтік әділдікке қол жеткізу жолындағы экономикалық тұрғыдан әлдеқашан қажетті әрі дұрыс қадам.
Автор: Бауржан Шурманов, экономист, Qazaq Expert Club тең құрылтайшысы
Келесі материал: «Ала-Тоо Резорт» – Қырғызстанды әлемге танытатын жыл бойғы туризмнің флагманы
