Қытайдың Циндао қаласында Сәтбаев университеті мен Qingdao University of Science and Technology (QUST) бірлесіп құрған Қытай-Қазақстан ақпараттық инженерия мектебінің ашылу рәсімі өтті. Алғашқы қабылдау нәтижесінде жаңа мектепке 188 студент оқуға түсті. Оның 150-і бакалавриатқа, 38-і магистратураға қабылданды, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Қытайда қазақстандық білім беру бағдарламалары іске асырылады
Жаңа мектеп Сәтбаев университетінің білім беру бағдарламаларын Қытайда жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бакалавриат студенттері Computer Science, Information Engineering және Communication Engineering бағыттары бойынша білім алады.
Төрт жылдық оқу бағдарламасы Циндао қаласында 4+0 үлгісі бойынша толық жүзеге асырылады. Екі университеттің оқу талаптарын орындаған түлектерге QUST білім туралы құжаты мен Сәтбаев университетінің дипломы беріледі.
Сонымен қатар Software Engineering бағыты бойынша екі жылдық магистратура бағдарламасы іске қосылды.
«Бұл – маңызды қадам»

Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев жаңа жобаның университеттің халықаралық ынтымақтастығын дамытудағы маңызын атап өтті.
«Бұл Сәтбаев университетінің халықаралық деңгейде дамуы үшін маңызды қадам болмақ. Қазақстандық инженерлік білім беру бағдарламалары енді Қытайда да оқытылады, алғашқы 188 студент білім алуға кірісті. Келесі міндет – екі елдің оқытушылары, студенттері мен өндірістік серіктестері қатысатын бірлескен зерттеулерді, зертханалар мен технологиялық жобаларды дамыту», – деді ректор.
Бірлескен зертхана жұмысын бастады
Мектептің ашылуымен қатар Циндао қаласында Қытай-Қазақстан халықаралық ақпараттық технологиялар бірлескен зертханасы да жұмысын бастады.
Мұнда ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, цифрлық жүйелер және телекоммуникациялар бағыттарында зерттеулер жүргізіледі.
Екі университет оқытушылар мен зерттеушілер алмасуын дамытып, студенттерді бірлескен ғылыми және технологиялық жобаларға тартуды жоспарлап отыр.
Жоба халықаралық ынтымақтастықты кеңейтеді
Жоба Қазақстанның жоғары білім беру бағдарламаларын халықаралық деңгейде дамытуға мүмкіндік береді. Отандық университеттердің білім беру бағдарламаларын шетелде іске асыруы шетелдік студенттерді тартуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге және жаңа технологиялық жобаларды дамытуға жол ашады.
Қытай-Қазақстан ақпараттық инженерия мектебі «Орталық Азия – Қытай» форматындағы Білім және ғылыми зерттеулер жылы аясында ашылды.
Сәтбаев университеті мен QUST арасындағы жоба екі елдің білім беру және ғылыми ынтымақтастығын маман даярлау, зерттеу және жаңа технологияларды әзірлеу бағыттарымен толықтырады.
Алғашқы студенттермен кездесу өтті

Ашылу рәсімінен кейін екі университеттің өкілдері алғаш қабылданған студенттермен кездесті. Кездесу барысында білім алушылар оқытушылармен алдағы ғылыми зерттеулерді, технологиялық жобаларды және академиялық ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Осылайша, Циндаодағы бірлескен мектеп қазақстандық инженерлік білім беруді халықаралық деңгейде дамытуға бағытталған жаңа алаңдардың біріне айналып отыр. Ал мектеп жанындағы зертхана инженерлік білім, ғылым және технология салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
