Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарының алғашқы жарыс күнінде Қазақстан құрамасы алты медаль жеңіп алды. Ұлттық қоржынға төрт алтын және екі қола жүлде түсті.
Жарыстың алғашқы күнінде тас жол велоспортынан Рината Сұлтанова әйелдер арасындағы жеке уақыт жарысында алтын медаль иеленді. Ол қашықтықты 36:23.72 уақытта жүріп өтті. Қытайлық Чжан Хао 36:28.40 нәтижесімен күміс, Корея өкілі Шин Джи Ын 36:56.14 көрсеткішімен қола медаль алды.

Ерлер арасындағы тас жол велоспортының жеке уақыт жарысында Алексей Луценко алтын медаль иеленді. Оның нәтижесі — 41:24.05. Жапониялық Шунсукэ Имамура 42:58.04 көрсеткішімен күміс, Моңғолия спортшысы Сайнбаяр Джамбалжамц 42:58.06 нәтижесімен қола медаль алды.

Бұл Алексей Луценконың Азия ойындарындағы төртінші қатысуы. Ол бұған дейін 2014, 2018 және 2023 жылдардағы құрлықтық додада чемпион атанған. Осылайша, Луценко Азия ойындарындағы бесінші алтын медалін иеленді.
Триатлоннан Арлан Жанабай қола медаль жеңіп алды. Ол жарысты 53:11 уақытта аяқтады. Жапониялық Такуми Ходжо 52:56 нәтижесімен алтын, Қытай спортшысы Чжан Сюйчжуй 53:05 көрсеткішімен күміс жүлдеге ие болды.

Арлан Жанабай 2026 жылғы Тайчжоудағы Азия кубогінде қола, Түркістандағы жарыста күміс медаль алған. Бұл — Қазақстанның Азия ойындарындағы триатлоннан екінші медалі. Триатлон елдің 13 өңірінде дамып келеді.
Бессайысшылар 16 жылдан кейін жүлдеге ілікті
Қазақстанның ерлер арасындағы заманауи бессайыс құрамасы да қола медаль жеңіп алды. Құрама сапында Тихон Варехин, Темірлан Абдраимов және Лев Чувашов өнер көрсетті. Қазақстаннан төрт спортшы жарыстың жартылай финалына жолдама алған.
Заманауи бессайыс бағдарламасына семсерлесу, жүзу, кедергілер жолағы және лазерлік жүгіру кіреді. Бұл — Қазақстанның осы спорт түрінен Азия ойындарындағы 16 жылдан кейінгі алғашқы медалі. Бұған дейін қазақстандық спортшылар 2010 жылғы жарыста жүлде алған.



Каратэшілер екі алтын жеңіп алды
Каратэден 55 келіге дейінгі салмақта Жоламан Биғабыл алтын медаль жеңіп алды. Финалда ол Өзбекстан спортшысы Х. Халимовты 9:1 есебімен жеңді.
Қазақстанда каратэ 20 өңірде дамып келеді. Бұл спорт түрімен шамамен 77 мың адам айналысады. Олардың 25 мыңға жуығы — әйелдер. Елде 600-ге жуық жаттықтырушы жұмыс істейді.
Әйелдер арасындағы +68 келі салмақта Софья Берульцева да алтын медаль алды. Ол Азия ойындарында осы санатта екінші рет қатарынан чемпион атанып отыр. Берульцева Ханчжоудағы жарыста да алтын медаль жеңіп алған. Сонымен қатар, спортшы Токио Олимпиадасында қола жүлдегер атанған.


Осылайша, Қазақстан құрамасы Азия ойындарының алғашқы жарыс күнін төрт алтын және екі қола медальмен аяқтады. Алтын жүлделерді велоспортшылар Рината Сұлтанова мен Алексей Луценко, сондай-ақ каратэшілер Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева жеңіп алды.
Айти–Нагояда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындары 4 қазанға дейін жалғасады.
Ақпарат көзі: Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі
Келесі материал: Өзбекстанда Ташкент–Нүкіс бағыты жаңартылады
