Үндістанның Мадхья-Прадеш штатындағы Бьяора қаласында 20 жастағы студент Сурендра Сингх Чоудхари қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарға толған Аджнар өзенін тазалауға бірнеше айын арнады. Ол ауыр техниканы күтпей, өз қолымен пластик, бөтелкелер, балдырлар мен өзге де қалдықтарды жинаған. Жас жігіттің бастамасы әлеуметтік желілерде кең таралып, өзеннің экологиялық жағдайына қоғам назарын аударды, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Чоудхари әлеуметтік желіде «Битту Табахи» деген атпен танымал. Ол Аджнар өзенін тазалауды 2026 жылғы 26 қаңтарда бастаған. Алғашында оған достары көмектескенімен, кейін жұмыстың негізгі бөлігін өзі жалғастырған. Ол өзенге тұрақты түрде барып, жағалаудағы және судағы қоқысты қолмен шығарған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Аджнар өзенінің мәселесі бұл бастамадан әлдеқайда бұрын қалыптасқан. Бьяора арқылы өтетін өзеннің кей бөліктерінде пластик, тұрмыстық қалдықтар мен лайдың жиналуы, сондай-ақ ағынды судың өзенге түсуі оның жағдайын күрделендірген. 2025 жылы жарияланған Ground Report зерттеуінде жергілікті тұрғындар өзеннің соңғы 10–15 жылда қатты ластанғанын айтқан. Материалда қаланың кәріз жүйесінен шығатын лас судың өзенге тікелей құйылатыны да көрсетілген.
Ал 2026 жылғы жергілікті жағдайды сипаттаған Daily Pioneer материалы Бьяорадағы бес ірі арықтың ағынды суы өзенге түсетінін хабарлайды. Муниципалитет өкілінің мәліметінше, өзенді жыл сайын муссон маусымына дейін тазарту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, лас судың өзенге түсуін тоқтату үшін құны шамамен 14,77 миллион рупий болатын кәріз суларын тазарту станциясын салу ұсынылған.
Чоудхари өз жұмысын басынан бастап видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге жариялаған. Осылайша көрермендер өзеннің бастапқы жағдайы мен тазарту барысын салыстыра алды. Оның жарияланымдары кең тарап, бастамаға Үндістаннан тыс жерлерде де назар аударылды.
Дегенмен, «Аджнар өзенін бір адам толық тазалады» деген тұжырымды біржақты қабылдау дұрыс емес. Жергілікті муниципалитет пен «Аджнарды құтқару комитеті» өзенді тазарту жұмыстары 2016 жылдан бері бірлесіп жүргізіліп келе жатқанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, Чоудхари де осы жұмыстарға қатысқан.
Соған қарамастан, студенттің жеке бастамасы өзеннің көп жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Оның әрекеті қоқысты жинаумен ғана шектелмей, өзенге ағынды судың түсуі сияқты жүйелі экологиялық проблемаларға да назар аударды.
Аджнардың тарихы бір адамның әрекеті экологиялық мәселені толық шеше алмайтынын, бірақ қоғамның назарын аударып, өзгелерді ортақ іске жұмылдыра алатынын көрсетеді. Чоудхари бастаған тазалық жұмыстарының басты нәтижесі де осында – ұзақ уақыт бойы елеусіз қалған өзеннің жағдайы қайтадан қоғамдық талқылауға шықты.
Келесі материал: 2027 жылдан бастап жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі өзгереді: ипотека мен несиеде не өзгереді?
