Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Ислам Ынтымақтастығы спорт қауымдастығының (ISSA) вице-президенті болып сайланды деп хабарлайды SteppeNews.kz Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Сайлау 12 қыркүйекте Сауд Арабиясының Таиф қаласында өткен ISSA-ның 15-ші Бас ассамблеясы аясында өтті.

Геннадий Головкин 2026–2029 жылдар аралығына арналған Атқарушы комитет құрамына Азия және Еуропа өңірлері бойынша вице-президент ретінде кірді.
Жаңа қызметінде Геннадий Головкин ISSA басшылығында Азия мен Еуропа елдерінің Ұлттық Олимпиадалық комитеттерінің атынан өкілдік етеді. Атқарушы комитет құрамындағы жұмыс қауымдастықтың стратегиясын қалыптастыруға, ҰОК-тарды қолдау бағдарламаларын дамытуға, спортшылардың мүмкіндіктерін кеңейтуге және ISSA-ға мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қатысуды көздейді.
ISSA президенті қызметіне Сауд Арабиясының Спорт министрі, елдің Олимпиадалық және Паралимпиадалық комитеттерінің басшысы, мәртебелі ханзада Абдулазиз бин Турки Әл-Фейсал қайта сайланды. Ал Африка және Латын Америкасы өңірлері бойынша вице-президент қызметіне Наваль Эль-Мутавакель (Марокко) сайланды.

ISSA басшылығына сайлануы Геннадий Головкиннің халықаралық спорттағы қызметінің жаңа кезеңіне жол ашты. Ол 2024 жылдың ақпан айынан бері Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті қызметін атқарып келеді.

2025 жылдың қарашасында Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті болып сайланды. Осылайша ол Олимпиада спорт түрлері бойынша халықаралық федерацияны басқарған Қазақстанның алғашқы өкілі атанды.

Айта кетейік, Ислам Ынтымақтастығы спорт қауымдастығы Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің Ұлттық Олимпиадалық комитеттерін біріктіреді. ISSA-ның ең жоғары заң шығарушы органы — Бас ассамблея. Қауымдастықтың қамқорлығымен өтетін негізгі спорттық шаралардың бірі — Ислам ынтымақтастығы ойындары.
Келесі материал: Урбандалу дәуіріндегі Қазақстан ауылының болашағы
