VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бішкектегі ашылу салтанатында 17 жастағы Сезим Коргонбаеваның ерекше өнері көрермен назарын аударды. «Ты супер! Кыргызстан» музыкалық жобасының қатысушысы қасқырдың ұлуын дәл салып, көпшілікті таңғалдырған, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Сезимнің бұл өнері Мемлекет басшысы Садыр Жапаровтың да назарынан тыс қалмаған. Президент жас таланттың «Ты супер!» жобасындағы өнерін көріп, оның бейнежазбасын Көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында көрсету жөнінде тапсырма берген.
Сезим Жұмғал ауданындағы Байзақ ауылында дүниеге келген. Бес балалы отбасында тәрбиеленген қыздың балалық шағы тауда өткен. Әкесі мал шаруашылығымен айналысады, ал Сезим демалыс кезінде ата-анасына көмектесіп, жайлаудағы тіршілікке араласады.
Ол бала кезінен ән айтып, бесінші сыныптан бастап қомыз тартып үйренген. Сонымен қатар жеті жыл бойы актерлік шеберлікпен айналысқан. Кәсіби музыкалық білімі болмаса да, табиғи қабілеті мен еңбекқорлығы оны үлкен сахнаға алып келді.
«Ты супер! Кыргызстан» жобасына ел бойынша 1500-ден астам өтінім түскен. 700-ден астам бала тыңдаудан өтіп, олардың ішінен 40 қатысушы іріктелген. Сезим солардың қатарынан орын алды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Көшпенділер ойындарының ашылуынан кейін SteppeNews.kz редакциясы жас өнерпазбен сөйлесіп, оның ерекше қабілеті, сахнадағы әсері және болашақ арманы туралы сұхбаттасты.
— VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуында өнер көрсету сіз үшін қаншалықты маңызды болды? Сахнаға шығар алдында қандай сезімде болдыңыз?
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында менің бейнем көрсетіледі деп мүлде күтпедім. Бір түннің ішінде күтпеген жерден үлкен жаңалық болды.
Өзім «Ты супер! Кыргызстан» вокалдық жобасының қатысушысымын. «Бишкек Аренада» бейнемді көргенде қатты толқыдым.
Сахнаға шығар алдында қорқыныш сезімі болады. Бірақ сахнаға шығып, өнерімді көрсете бастаған кезде ол сезім жоғалады. Сахна мені өзіне тартып әкетеді. Көзімді жұмып, еркін комуз тартқанда, бетімнен жел есіп тұрғандай сезінемін. Сол желмен жарысып бара жатқандай болып, жан дүнием тынышталады.

— Президент Садыр Жапаровтың сіздің өнеріңізді көріп, оны Көшпенділер ойындарының ашылуына қосуды тапсырғанын естігенде не сезіндіңіз?
Президент Садыр Жапаров бұл шығарманы көреді деп ойлаған жоқпын. Қазір қаншама жас талант бар. Кейде «мен олар сияқты бола алмаймын» деп өзімді кейін тартып жүретінмін.
Ал Президент Садыр Жапаров мені әлемге танытып, қолдау көрсетті. Сол кезде көзімнен жас шығып кетті. Қуанышымнан сене алмай, ерекше таңғалдым.
— Жануарлардың дауысын дәл салу қабілетіңізді алғаш қашан байқадыңыз? Бұл үшін арнайы дайындық қажет болды ма?
Жануарлардың дауысын 14 жасымда салып, үйрене бастадым. Актерлік шеберлікті жеті жыл оқыдым. Сол жерде дұрыс тыныс алуды, дауысты қай жерден және қалай шығаруды үйрендім.
Үлкен ағам — шопан. Мен де тоғыз жылдан бері әр демалыс сайын ата-анама барып көмектесемін. Таудың қойнауында еркін жүріп, ат үстінде ойнап, желмен жарысып өстім.
Сол жерде жануарлардың дауыстары жаныма жақын болып, оларды қайталағым келе бастады. Қасқырша ұлып, олармен сөйлескім келетін. Жылқыларды ерекше жақсы көремін. Олардың дауысын салып, олармен дос болғым келетін.
Сөйтіп, біртіндеп әртүрлі нәрсені үйренуге қызығушылығым артты.
— Қазір қанша жануардың дауысын сала аласыз? Қайсысы сізге ең жақын?
Мен қасқырдың, бұлбұлдың, қарғаның, қой мен қозының, ит пен күшіктің, сиырдың, жылқының дауысын сала аламын. Сонымен қатар сәбидің жылағанын да саламын.
Олардың дауысын салғанда қатты қиналмаймын. Бірақ ең алдымен қасқырдың үнін салғанды жақсы көремін. Қасқырша ұлыған кезде жүрегіме күш тола бастайды.
— 17 жасыңызда осындай үлкен халықаралық сахнаға шықтыңыз. Алдағы уақытта шығармашылығыңызды қай бағытта дамытқыңыз келеді? Қазақстандық көрермендерге қандай тілегіңіз бар?
17 жасымда елдің қызы болып сахнада жүру — менің арманым. Алда әлі талай белесті бағындырып, қырғызымның көк туын желбіреткім келеді.
Қазақстан халқына да алғысымды білдіремін. Менің талантымды байқап, қырғыздың қызын мақтағандары — мен үшін үлкен мәртебе.
Әрдайым алда жүре берейік. Қырғыз бен қазақ бір-біріне құрмет көрсетіп, сыйластықта өмір сүре берсін. Екі елге де шын жүрегіммен тағзым етемін.

Сезим Коргонбаеваның өнері — табиғатпен үндескен ерекше шығармашылықтың көрінісі. Оның қасқырдың үнін, құстар мен үй жануарларының дауысын дәл салуы жай ғана қабілет емес, тауда өткен балалық шағы мен туған жеріне деген махаббатынан бастау алған дара өнер.
Жас таланттың бойындағы еркіндік, еңбекқорлық және ұлттық өнерге деген сүйіспеншілік оны әлі талай биікке жетелейді деп сенеміз. Сезимге шығармашылық жолында сәттілік, шабыт және жаңа жеңістер тілейміз!
Қазтай Айгерім Бейбітқызы
Келесі материал: Қазақстан–Қытай: агроөнеркәсіптегі жаңа серіктестік
