Астанада Әзербайжан елшілігінде елдің шипажай-курорттық әлеуетіне арналған презентация өтті. Әзербайжан Кәсіподақтар конфедерациясының өкілдері қазақстандық туроператорлармен кездесіп, заманауи емдеу курорттарын, цифрлық сервистерді таныстырды. Сондай-ақ сауықтыру туризмі саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Әзербайжан Кәсіподақтар конфедерациясына қарасты «Курорт» АҚ бас директоры Чингиз Гаджиевтің айтуынша, бүгінде ел санаторий жүйесін жаңғыртып, табиғи емдік ресурстарды заманауи медициналық технологиялармен ұштастырып келеді.
«Біз трансформация кезеңіндеміз. Шипажай-курорттық емдеудің үздік дәстүрлерін сақтай отырып, инфрақұрылымды жаңартып, цифрлық технологиялар мен заманауи емдеу әдістерін енгізіп жатырмыз. Бүгінде қонақтар үшін тиімді ем-шаралар ғана емес, жайлылық, сапалы сервис және толыққанды сауықтыру мүмкіндігі де маңызды», – деді Чингиз Гаджиев.

Презентация барысында қазақстандық туроператорларға AHİK сауықтыру орталықтарының қызметі, заманауи медициналық бағдарламалар, табиғи емдеу әдістері мен цифрлық сервистер таныстырылды. Қатысушылар «Курорт» туристік ақпарат орталығының жұмысымен, жолдамаларды электронды түрде рәсімдеу жүйесімен және сауықтыру бағдарламаларын онлайн таңдауға мүмкіндік беретін e-AHIK брондау платформасымен танысты.
Кездесуде Нафталан курорттары мен Абшерон түбегіндегі шипажайларға ерекше назар аударылды. Бұл орындарда ем қабылдауды Бакуде демалыспен қатар ұйымдастыруға болады.
Әзербайжан санаторийлері тірек-қимыл аппараты, асқазан-ішек жолы, тыныс алу және жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруларын емдеуге маманданған.

Narvin Travel туристік компаниясының директоры мұндай формат қазақстандық саяхатшылар арасында сұранысқа ие болуы мүмкін екенін айтты.
«Бұған дейін көпшілік Әзербайжанды ең алдымен Нафталанмен байланыстыратын. Осы презентациядан кейін біз Бакуге жақын орналасқан шипажайлардың әлдеқайда көп екенін көрдік. Бұл ем қабылдап, бос уақытта қаламен, оның тарихы және гастрономиясымен танысуға мүмкіндік беретін аралас турлар ұйымдастыруға жол ашады. Қазақстандықтар үшін бұл үш сағаттық ұшу, визасыз режим және шипажайлардағы дәрігерлердің орыс тілінде сөйлейтініне байланысты әсіресе ыңғайлы», – деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Әзербайжанның сауықтыру туризмін Қазақстанда одан әрі ілгерілету, туристік компаниялармен серіктестікті дамыту және екі ел арасындағы туристік ағынды арттыру мәселелерін талқылады.
Сауле Тугельбаева
Келесі материал: Қытайдан Түрікменстанға жаңа жүк пойызы бағыты ашылды
