Сиэтлде (АҚШ) Өзбекстанның Бас консулдығы ресми түрде ашылды. Бұл – Өзбекстанның Тынық мұхитының солтүстік-батысындағы алғашқы консулдық мекемесі. Бас консулдық наурыз айында жұмысын бастады. Сондай-ақ Филадельфия, Чикаго және Орландо қалаларында консулдық мекемелердің ашылуы күтілуде деп хабарлайды SteppeNews.kz gazeta.uz сайтына сілтеме жасай отырып.
4 қыркүйекте Сиэтлде (Вашингтон штаты, АҚШ) Өзбекстанның Бас консулдығы ресми түрде ашылды.
«Бұл – еліміздің Тынық мұхитының солтүстік-батысындағы алғашқы консулдық мекемесі және Өзбекстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамыту жолындағы маңызды қадам», – деп хабарлады АҚШ-тағы Өзбекстан елшілігінің кеңесші-елшісі әрі Америка Құрама Штаттарындағы Президент әкімшілігінің өкілі Комил Алламжонов.
Ол Бас консулдықтың екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, технологиялық, білім беру және әлеуметтік байланыстарды нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Бас консулдық наурыз айында жұмысын бастады. Оның басшысы қызметіне бұған дейін Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы болған кәсіби дипломат Ахрор Бурханов тағайындалды.
Салтанатты рәсімге қатысқан Өзбекстанның АҚШ-тағы елшісі Фуркат Сидиков консулдық мекеменің ашылуын екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған жаңа платформа деп атады.
«Сиэтл – технология, инновация және өнеркәсіп салаларындағы әлемдік көшбасшы. Бұл – болашақтағы ынтымақтастығымыз үшін тамаша орын», – деді ол.
Өзбекстанның Сиэтлде, сондай-ақ Филадельфия, Чикаго және Орландо қалаларында Бас консулдықтарын ашу өткен жылғы президенттің Америкалық-өзбек іскерлік және инвестициялық кеңесін құру туралы жарлығында қарастырылған болатын. Бұған дейін АҚШ-та Вашингтондағы (Колумбия округі) елшілік пен Нью-Йорктегі Бас консулдық жұмыс істеген.
Ресми мәліметтерге сәйкес, Вашингтон штатында Өзбекстаннан шыққан 3000-нан астам адам тұрады. Олардың басым бөлігі Сиэтлде және оның маңындағы елді мекендерде жұмыс істейді.
Келесі материал: Ұлан-Баторда «Моңғолияға бейбітшілік, Моңғолиядан әлемге» фотокөрмесі ашылды
