10 қыркүйекте Астанада Қазақстан мен Өзбекстанның туристік әлеуетін таныстыруға арналған бірлескен презентация өтеді, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Туристік ағын 8 млн адамға жуықтады
Іс-шара екі ел арасындағы туристік байланыстарды нығайтып, жаңа іскерлік серіктестіктер орнатуға бағытталған.
Жиынға мемлекеттік органдардың, туристік компаниялардың, әуе тасымалдаушыларының, қонақ үй бизнесінің, салалық қауымдастықтардың, іскер топтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының 300-ге жуық өкілі қатысады.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы туристік алмасу соңғы жылдары айтарлықтай жанданды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстаннан Қазақстанға шамамен 5,5 млн адам келген. Ал Қазақстаннан көрші елге барған азаматтардың саны 2,6 млн-ға жуықтады.
Жаңа әуе бағыттары ашылды
Туристік ағынның өсуіне тікелей әуе қатынасының кеңеюі де әсер етіп отыр.
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматы – Самарқанд, Ташкент – Атырау, Ташкент – Орал және Ташкент – Қостанай бағыттарында жаңа рейстер іске қосылды.
Сонымен қатар 3 қыркүйектен бастап FlyArystan Алматы – Үргеніш бағыты бойынша тұрақты рейстерді орындауды бастады.
Тарихи және гастрономиялық туризмге басымдық беріледі
Астанадағы кездесуде екі елдің туристік өнімдері мен перспективалы бағыттарын таныстыру жоспарланған.
Оның ішінде дәстүрлі, тарихи, зиярат, гастрономиялық, отбасылық, оқиғалық және MICE-туризм бағыттарына ерекше назар аударылады. Тараптар мәдени және зиярат туризмін дамытуға да мүдделі.
Бірлескен бағыттарға Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығы мен Имам әл-Бұхари кешені, сондай-ақ Қазақстандағы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі секілді маңызды нысандарды енгізу қарастырылып отыр.
Туроператорлар арасындағы байланыс күшейеді
Кездесу барысында екі елдің туроператорлары арасында тікелей іскерлік байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланады.
Сондай-ақ жаңа туристік маршруттар мен кешенді ұсыныстарды ілгерілету, әуе компанияларымен ынтымақтастықты жандандыру және Қазақстанның туристік брендін Өзбекстан нарығында кеңінен таныту жоспарланған.
Бұл бастамалар екі ел арасындағы туристік ағынды арттырып, жаңа бірлескен бағыттар мен бизнес жобалардың дамуына жол ашпақ.
