Қазақстан құрамасы Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында алғашқы алтын жүлделеріне ие болды. Ұлттық құрама аударыспақ (эр эңиш)жарысында екі алтын медаль жеңіп алды деп хабарлайды SteppeNews.kz.
60 келіге дейінгі салмақта Нұрталап Керім финалда Қырғызстан спортшысын жеңіп, жарыс чемпионы атанды.
Қазақстан қоржынына тағы бір алтынды Сайлау Мұхамеджан салды. 70 келіге дейінгі салмақтағы шешуші белдесуде ол да Қырғызстан өкілімен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, бұл жүлделер Қазақстан құрамасының биылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы алғашқы алтын медальдары болды.
Аударыспақ — қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ат спорты. Жарыс барысында шабандоздар қарсыласын аттан құлатуға тырысады. Бұл спорт түрі күшті, ептілікті, жылдамдықты және ат үстінде шебер қимылдауды талап етеді.
Қазақстанда аударыспақпен тұрақты түрде 11,5 мыңнан астам адам айналысады.
Сәуле Тугельбаева
