Қазақстан Ұлттық банкі қазақ фольклорындағы ең танымал шығармалардың бірі – «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» жырына арналған жаңа коллекциялық монетаны айналымға шығарады, деп хабарлайды SteppeNews.kz Ұлттық банктің ресми дүкеніне сілтеме жасап.
Монета «Мифтер, аңыздар, комикстер» сериясына енеді. Оның дизайны аттас жырдың желісі бойынша әзірленген. Шығарма мәңгілік махаббат, адалдық пен берілгендік туралы баяндайды.
Коллекциялық монетаны сату 2026 жылғы 2 қыркүйекте Ұлттық банктің интернет-дүкені арқылы басталады.
Монета МН 25 мельхиор қорытпасынан жасалған және тампонды баспа технологиясы қолданылған. Оның салмағы – 15 грамм, диаметрі – 33 миллиметр, номиналы – 200 теңге. Монетаның таралымы 7 мың данамен шектелген. Сапасы – brilliant uncirculated. Монетаны Қазақстан Республикасының Монета сарайы шығарған.
Ұлттық банктің мәліметінше, коллекциялық монеталар заңды төлем құралы болып саналады. Олар Қазақстанның бүкіл аумағында барлық төлем түрлері бойынша номиналдық құнына сәйкес қабылдануға міндетті. Сондай-ақ монеталарды банктік шоттарға салуға, аударуға, ұсақтауға және еліміздің банктерінде айырбастауға болады.
Жаңа монетаның шығарылуы Қазақстанның мәдени мұрасын сақтап, оны заманауи нумизматика форматы арқылы кеңінен насихаттауға бағытталған.
