Бейжіңдегі Қазақстанның мәдени орталығында қытайлық белгілі суретшілер мен каллиграфия шеберлерінің қатысуымен мәдени іс-шара өтті. Кездесу соңында Қытай өнер өкілдері Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен мәдени байланыстардың белгісі ретінде өз туындыларын орталық қорына табыстады. Бұл туралы SteppeNews.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Шараға Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің өкілдері, сондай-ақ Қытайдың шығармашылық және іскерлік ортасының мүшелері қатысты.
Іс-шара Global Tourism Channel телеарнасының «Әлемдік каллиграфия және кескіндеме» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Кездесудің негізгі мақсаты – Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту.

Қатысушылар Қазақстанның мәдени орталығының қызметімен танысып, мұнда жүзеге асырылып жатқан мәдени-ағартушылық жобалар туралы ақпарат алды. Сонымен қатар қонақтарға Қазақстанның дәстүрлі және заманауи өнері таныстырылды.
Бағдарлама барысында қытайлық шеберлер ұлттық мәдениеттің ерекшелігін көрсететін дәстүрлі кескіндеме мен каллиграфия туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Өнер туындылары екі ел арасындағы мәдени диалог пен шығармашылық байланыстың жалғасын көрсетті.
