Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин жексенбі күні Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) 2026 жылғы саммитіне қатысу үшін Бішкекке барды. Сапар аясында Қытай басшысы Қырғызстанға мемлекеттік сапармен де келеді, деп хабарлайды SteppeNews.kz «Жэньминь Жибао» онлайн сайтына сілтеме жасап.
«Манас» халықаралық әуежайында Си Цзиньпин мен ҚХР-дың бірінші ханымы Пэн Лиюаньды Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен бірінші ханым Айгүл Жапарова қарсы алды. Қытай басшысын қарсы алу рәсіміне құрмет қарауылы қатысты.
Мемлекеттік сапар барысында Си Цзиньпин Садыр Жапаровпен келіссөздер жүргізеді. Тараптар Қытай мен Қырғызстан арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту, сондай-ақ екіжақты және өңірлік ынтымақтастық мәселелерін талқылауды жоспарлап отыр. Келіссөздер қорытындысы бойынша мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық бірқатар құжатқа қол қою күтілуде.
Сапардың негізгі шарасы – ҚХР төрағасының ШЫҰ саммитіне қатысуы. Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы 1 қыркүйекте Бішкекте Қырғызстан президентінің төрағалығымен өтеді. Сондай-ақ «ШЫҰ плюс» форматындағы кездесу жоспарланған.
Биылғы саммит ұйым үшін ерекше маңызға ие. 2026 жылы ШЫҰ құрылғанына 25 жыл толады. Биыл ұйымға Қырғызстан төрағалық етіп отыр, ал Бішкек ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының мерейтойлық кездесуін қабылдайды.
Саммитке қатысушылар өңірлік қауіпсіздік, экономикалық өзара іс-қимыл, көлік-логистикалық байланыстар, сондай-ақ негізгі халықаралық және өңірлік мәселелерді талқылайды деп күтілуде. Қытай тарапының мәліметінше, Си Цзиньпин ШЫҰ-ға мүше елдердің көшбасшыларымен ынтымақтастықты тереңдету және халықаралық әрі өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуды жоспарлап отыр.
Си Цзиньпиннің сапары Қытайдың Орталық Азиядағы рөлінің одан әрі нығаюы және ШЫҰ аясындағы көпжақты өзара іс-қимылдың кеңеюі жағдайында өтіп жатыр.
