Өзбекстанның төрт өңірінде ел тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай жалпы қуаты 2,4 ГВт-тан асатын алты энергетикалық нысан пайдалануға берілді. Жобаларды жүзеге асыруға Қытай, Сауд Арабиясы, Франция, Катар және Жапония компаниялары қатысып, жалпы көлемі 1,7 млрд доллар инвестиция салынды. Бұл туралы SteppeNews.kz Upl.uz ақпараттық сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Жаңа нысандардың ішіндегі ең ірісі – Сырдария облысының Баяут ауданында салынған қуаты 1573 МВт жылу электр станциясы. Жобаны француздың EDF, катарлық Nebras Power және жапондық Sojitz пен Kyuden компаниялары 900 млн долларға жүзеге асырды.
Жылу электр станциясы жыл сайын шамамен 13 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндіреді. Нысанның іске қосылуы жылына 1,1 млрд текше метрге дейін табиғи газды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Навои облысында қытайлық China Energy Overseas Investment компаниясы қуаты 300 МВт күн электр станциясы мен 150 МВт энергия сақтау жүйесінен тұратын кешенді іске қосты. Құны 390 млн доллар болатын жоба жыл сайын 657 млн кВт/сағ таза электр энергиясын өндіреді. Бұл шамамен 273 мың отбасының қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жылына 175 млн текше метр газ үнемделеді.
Қарақалпақстанда саудиялық ACWA Power компаниясы қуаты 200 МВт жел электр станциясы мен 100 МВт энергия жинақтау жүйесін іске қосты. Жобаға 263 млн доллар инвестиция салынған. Нысан жылына 701 млн кВт/сағ электр энергиясын өндіріп, шамамен 292 мың үйдің энергия қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді.
Ал Наманган облысында China Energy компаниясы қуаты 100 МВт, сыйымдылығы 200 МВт/сағ болатын энергия сақтау жүйесін пайдалануға берді. Құны 110 млн долларлық жоба электр энергиясына сұраныс артатын кезеңдерде жүйеге түсетін жүктемені азайтуға бағытталған.
Энергетика министрі Шерзод Ходжаевтың айтуынша, іске қосылған нысандардың бірқатары Орталық Азиядағы ең ірі энергетикалық жобалардың қатарына кіреді.
Жаңа энергетикалық нысандардың іске қосылуы Өзбекстанның электр энергиясын өндіру қуатын арттырып қана қоймай, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, табиғи газды үнемдеуге және энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
