Өзбекстанда Қытайдың заманауи мақта өсіру технологияларын енгізу бойынша бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Ташкенттен бірнеше жүз шақырым жерде орналасқан мақта алқаптарында биыл жоғары өнім алуға мүмкіндік бар деп хабарлайды SteppeNews.kz Cиньхуа ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
Қытай Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Батыс ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығының жоғары сапалы мақта өсіру тобының бас ғылыми қызметкері Сун Мэйчжэньнің айтуынша, демонстрациялық учаскеде әр му-дан 550 келіден астам шитті мақта жинау жоспарланып отыр. Бір му шамамен 667 шаршы метрге тең.
Көлемі мың му болатын тәжірибелік алқап жоғары өнімді мақта сорттарын өсіру үшін Шыңжаңдағы «Хуасин» корпорациясы мен Қытай Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Батыс ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығының бірлескен бастамасымен құрылған.
Қытайлық мамандар жобаға егіс алдындағы жерді зерттеуден бастап, жергілікті жағдайға бейімделген сорттарды таңдауға және өсіру технологиясын әзірлеуге дейінгі барлық кезеңде қатысып келеді. Сонымен қатар тұқым себу, алқапты күтіп-баптау және өнім жинауға қатысты технологиялық талаптар енгізілуде.
Сун Мэйчжэньнің сөзінше, жоба аясында Өзбекстанға қытайлық жоғары сапалы мақта сорттары, толық механикаландырылған жинау технологиясы және заманауи басқару тәсілдері ұсынылып отыр. Бұл ауыл шаруашылығындағы дәстүрлі тәжірибеден ғылыми негізделген әрі тиімді өндіріске көшуге мүмкіндік береді.
Өзбекстан Ғылым академиясының академигі Шадман Намазов Қытай технологияларының тиімділігін атап өтті. Оның пікірінше, жаңа жүйе өсімдіктердің оңтайлы орналасуын қамтамасыз етуге, суды үнемдеуге, еңбек өнімділігін арттыруға және өнім көлемін тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мақтаның сапасын жақсартуға жағдай жасайды.
Қытай мен Өзбекстан арасындағы мақта шаруашылығы саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың нәтижесінде жергілікті шаруашылықтарда өнімділік артып, өндірістік шығындар азайып, фермерлердің табысы өсіп келеді.

Шыңжаң – Қытайдағы негізгі мақта өңірі
Шыңжаң Қытайдағы жоғары сапалы мақтаның негізгі өндіріс орталығы саналады. 2025 жылы өңір елдегі мақта өндірісінің 92,8 пайызын қамтамасыз етті. Жалпы өнім көлемі мен гектарлық өнімділік көрсеткіші бойынша Шыңжаң бірнеше жылдан бері Қытайда көш бастап келеді.
Өңірдің климаты мен топырақ жағдайының Орталық Азия елдеріне ұқсастығы қытайлық мақта сорттары мен технологияларын аймаққа бейімдеп енгізуге қолайлы жағдай қалыптастырады.
Ынтымақтастық тек агротехнологиялармен шектелмей, ауыл шаруашылығы техникасына деген сұраныстың артуына да ықпал етіп отыр. Қытайлық өндірушілер Орталық Азия нарығына жергілікті жағдайға бейімделген мақта жинайтын комбайндарды шығара бастады.
Жақында China Railway Construction Heavy Industry Corporation компаниясының Шыңжаң бөлімшесі Орталық Азия елдеріне жаңа мақта жинайтын комбайндар партиясын жөнелтті. Компания өкілдерінің мәліметінше, биыл Орталық Азиядан түскен тапсырыстар кәсіпорынның өндірістік қуатының 70 пайыздан астамын құрап отыр.
Ынтымақтастық ауқымы кеңейіп келеді
Қытай тарапы 2023 жылдан бастап «Қытай – Орталық Азия» форматы аясында мақта шаруашылығы саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді. Халықаралық ғылыми кездесулер мен семинарлар өткізіліп, Орталық Азияның бес еліндегі ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарымен өзара тәжірибе алмасу, бірлескен зерттеу және мамандар даярлау тетіктері қалыптастырылған.
Қытайдың Шыңжаң өңірінде қалыптасқан ғылыми-технологиялық мақта өсіру жүйесі бүгінде Орталық Азия елдеріндегі ауыл шаруашылығын жаңғыртуға ықпал етіп, аграрлық саладағы өңірлік ынтымақтастықтың жаңа бағыттарының біріне айналып отыр.
