Алматыда 29–31 тамыз аралығында жастарға арналған Digital Camp — JAS CAMP өтеді. Үш күнге жоспарланған білім беру бағдарламасына 100-ден астам жас қатысып, цифрлық жобаларын әзірлейді. Бұл туралы Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының өкілдері хабарлады.
Шара Алматыдан 18 шақырым қашықтықта орналасқан «Арман Дала» демалыс аймағында ұйымдастырылады. Қатысушылар 10 командаға бөлініп, жобаны әзірлеудің негізгі кезеңдерінен өтеді. Олар алдымен мәселені анықтап, идея қалыптастырады, кейін оның шешімін әзірлеп, MVP — өнімнің ең төменгі өміршең нұсқасын жасайды. Бағдарламаның соңында дайын жобалар көпшілік алдында қорғалады.
Лагерь қорытындысы бойынша 20-дан астам digital-жобаны таныстыру жоспарланған.
Қатысушылар практикалық білім алады
JAS CAMP бағдарламасы теориядан гөрі практикалық жұмысқа басымдық береді. Оқу бағдарламасы бес негізгі бағытты қамтиды: Idea → Product, AI & Digital, UX/UI және жобаны рәсімдеу, жобалық команданың жұмысы, Pitch & Storytelling.
Қатысушылар мақсатты аудиторияны анықтау, жасанды интеллект пен цифрлық құралдарды тиімді пайдалану, өнімді визуалды түрде таныстыру және жобаны көпшілік алдында қорғау тәсілдерін меңгереді.
Жалпы бағдарлама аясында бес шеберлік сабағы өткізіліп, 10 сағаттан астам IT-әзірлеме жұмысы қарастырылған.
Бірінші күні жастар команда құрып, өз идеяларымен жұмыс істей бастайды. Екінші күні жобаларды менторлардың көмегімен әзірлеуге көңіл бөлінеді. Үшінші күні командалар дайын өнімдерін пысықтап, Demo Day барысында жобаларын таныстырады.
Сонымен қатар бағдарламада Digital Night атты түнгі digital-хакатон ұйымдастырылады. Оның барысында қатысушылар MVP нұсқаларын жетілдіріп, презентацияларын дайындауды жалғастырады.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбектің айтуынша, қазіргі таңда цифрлық дағдылар жастардың кәсіби дамуы үшін маңызды құзыреттердің біріне айналып отыр.
«Біз үшін жастардың тек теориялық білім алып қана қоймай, өз идеясын нақты өнімге айналдыруды үйренуі маңызды. JAS CAMP барысында қатысушылар үш күн ішінде команда құрып, мәселені анықтап, оның шешімін әзірлеп, сарапшылар алдында қорғайды. Бұл көптеген жас үшін IT, кәсіпкерлік және өз жобасын жүзеге асыру бағытындағы алғашқы маңызды қадам болады деп сенеміз», — деді ол.
Жобалар Demo Day-де таныстырылады
JAS CAMP бағдарламасының негізгі қорытындысы Demo Day форматында өтеді. Бұл кезеңде командалар үш күндік интенсив барысында әзірлеген 20-дан астам жобасын көпшілік назарына ұсынады.
Жастар цифрлық өнім әзірлеумен қатар, командада жұмыс істеу, жобаны басқару және көпшілік алдында сөйлеу тәжірибесін жинақтайды. Сондай-ақ қатысушылар IT саласындағы түрлі мамандықтармен танысып, цифрлық бағыттағы кәсіби мүмкіндіктер туралы түсінігін кеңейтеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, JAS CAMP жастардың цифрлық дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, олардың идеяларын нақты жобаға айналдыруына мүмкіндік беретін практикалық алаң болмақ.
