12 жастағы Наир Думаровтың бойы аса ұзын емес. Алайда үстел теннисі үстелінің жанына келгенде оның бойын ерекше жігер билейді. Әр ұпайды жеңіспен аяқтаған сайын ол жұдырығын қысып, қуана айқайлайды да, алаң шетінде отырған атасына қарайды.
Ал Наирдің атасы Ванжар Думаров жаттықтырушы орындығында отырып, әр баланың ойынына сабырмен бағыт-бағдар береді. Матчтар арасындағы үзілісте немересінің жанына келіп, қимылдарын түзетуге көмектеседі және аяқ қозғалысын сәл жылдамдатуды еске салады.
16-21 тамыз аралығында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Алашанькоу қаласында жастар арасында Екінші Қытай-Қазақстан өңіраралық спорт алмасу апталығы өтті. Шекаралық қалада екі елдің жас спортшылары бас қосып, үстел теннисі, бадминтон, баскетбол, бокс және басқа да спорт түрлерінен бақ сынады. Үстел теннисі алаңында ата мен немеренің жұбы ерекше көзге түсті: атасы команданы басқарып, спортшыларды жаттықтырса, немересі жарысқа қатысты.

Ванжардың үстел теннисінен жаттықтырушылық тәжірибесі 20 жылдан асады. Оның айтуынша, шәкірттерінің көпшілігі халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғаған. Олардың арасында ұлттық құрама сапына енген спортшылар да бар.
Ол журналистке берген сұхбатында соңғы жылдары үстел теннисінің Қазақстанда айтарлықтай танымал бола бастағанын айтты. Оның сөзінше, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үстел теннисіне қызығушылығы жастардың осы спорт түріне деген ынтасының артуына әсер еткен.
Ал Наир бірнеше жыл бұрын Қытаймен жақын таныса бастаған. Оның әкесі әр жылдары Қытайдың Сиань және Гуанчжоу қалаларында оқып, тұрған. Наир де бірнеше жыл Гуанчжоуда әкесімен бірге өмір сүрген.
«Маған Қытайдағы атмосфера өте ұнайды. Гуанчжоуда тұрған кезімде кешкі уақытта алаңдарда ашық аспан астында түрлі қойылымдар жиі өтетін. Адамдар жиналып, бірге ән айтып, би билейтін. Таңертең әкем мені жақын маңдағы бассейнге жүзуге апаратын», – деп еске алады Наир.
Гуанчжоудан Алматыға оралғаннан кейін, сол кезде 9 жаста болған Наир атасының жетекшілігімен үстел теннисімен кәсіби түрде айналыса бастаған. Бұған дейін Қытайға бірнеше рет барғанымен, бұл спорт алмасу апталығы оның Қытайға алғаш рет жарысқа қатысу үшін келуі болды.
Жарыс күні Наир жекелей сында финалға дейін жеткенімен, шешуші кездесуде өкінішті жеңіліске ұшырады. Алайда сәтсіздікке мойымады. Ол атасымен бірге алаң шетіне отырып, тактикалық тақтадағы сызбалар арқылы ойын барысын талдады. Жеңіске жеткен тұстары мен қателіктерін саралап, жұптық сайысқа дайындықты жалғастырды.
«Бұл жолы Шыңжаңға келгенде Қытайдың өте жылдам дамып жатқанын байқадым. Ол менің бала кезімде көрген Қытайымнан мүлде өзгеше. Спорт нысандары өте жақсы жабдықталған. Бізді де жылы қарсы алды. Тамақтану, тұру, көлік және басқа да жағдайлар жақсы ұйымдастырылған», – деді Наир.
Спорттық жарыстардан бөлек, Наир Қытайдың дәстүрлі материалдық емес мәдени мұрасының элементтерімен де танысты. Ол шашқа гүл өру және каллиграфия өнерін байқап көрді. Шығыс мәдениетінің ерекшелігі жас спортшының қызығушылығын оятты.
Ата мен немере Шыңжаңға да ерекше қызығушылық танытты. Олар алдағы оқу-танымдық сапарлар барысында өңірдің жергілікті дәстүрлерімен, мәдениетімен және дамуымен тереңірек танысқысы келетіндерін айтты.
Жасына қарамастан, Ванжар әлі де жігерлі. Ол немересін жаттықтырып қана қоймай, үстел теннисімен айналысатын жас спортшылардың тұтас бір тобын тәрбиелеп келеді.
Наирдің болашағы туралы айта келе, Ванжар оның қазір орта мектептің бірінші сыныбында оқитынын, оқу жүктемесінің де аз еместігін атап өтті. Дегенмен ол немересінің үстел теннисіне деген сүйіспеншілігін сақтап, осы спортпен әрі қарай да айналыса беретініне үміт білдірді.
