Бір сапарда Алматыдан Самарқандқа, одан Душанбе мен Ташкентке саяхаттау — әзірге Орталық Азиядағы туристер үшін толыққанды ортақ жүйеге айналған жоқ. Дегенмен аймақ елдері шекарааралық туристік бағыттарды біріктіріп, саяхатты жеңілдетуге тырысып келеді. Қырғызстан ұсынған Орталық Азияға арналған бірыңғай туристік виза идеясы өңірді біртұтас туристік кеңістікке айналдыру мүмкіндігі.
Бір сапар — бірнеше ел
Елестетіп көріңізші, шетелдік турист Алматыға ұшып келеді. Бірнеше күннен кейін Түркістанды аралап, пойызбен Самарқандқа жетеді. Одан әрі Душанбе арқылы Ташкентке аттанып, сапарын қайта Қазақстанда аяқтайды.
Бұрын мұндай маршрут бірнеше бөлек сапар сияқты көрінсе, қазір Орталық Азия елдері оны бір туристік өнімге айналдыруға талпынып жатыр.
Оған нақты мысалдың бірі — «Jibek Joly» халықаралық туристік пойызы. 2026 жылғы наурыздағы маршрут Алматы–Түркістан–Самарқанд–Душанбе–Ташкент–Алматы бағытымен өтіп, Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанды бір трансшекаралық саяхатқа біріктірді. Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі бұл жобаны Ұлы Жібек жолының тарихи бағыттарын заманауи туристік өнімге айналдыратын жоба ретінде таныстырды.
Бұл жерде мәселе тек пойызда емес. Бірнеше мемлекеттің қалаларын бір маршрутқа біріктіру арқылы аймақ өзін туристерге бірнеше бөлек мемлекет емес, біртұтас бағыт ретінде ұсынуға мүмкіндік алады.
Бірыңғай виза идеясы қайдан шықты?
Орталық Азияны туристер үшін бір кеңістікке айналдыру идеясында ең күрделі мәселелердің бірі — визалық талаптар.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров бұған дейін Орталық Азия елдері үшін бірыңғай туристік виза енгізу идеясын ұсынған. Концепция жағынан бұл Еуропадағы Шенген жүйесіне ұқсас. Турист бір рұқсат арқылы бірнеше елге саяхаттай алуы тиіс.
Алайда маңыздысы — бұл ұсыныс әзірге ортақ аймақтық виза ретінде іске қосылған жоқ. Қазіргі уақытта әр мемлекеттің өз визалық тәртібі бар.
Мысалы, Қазақстан туристер үшін электронды визаны қолданады. Ресми мәлімет бойынша, туристік e-Visa бір реттік кіруге беріледі және елде 30 күнге дейін болуға мүмкіндік береді. Қырғызстанда да шетелдіктер үшін жеке e-Visa жүйесі жұмыс істейді. Ресми портал туристік визаның қысқа мерзімді сапарларға арналғанын көрсетеді.
Яғни бүгінгі таңда турист Орталық Азия бойынша саяхат жоспарлағанда елдердің жеке талаптарын ескеруі керек.
Бірақ визасыз саяхаттың өзі жеткілікті ме?
Аймақтың өз азаматтары үшін жағдай әлдеқайда жеңіл. Мысалы, Қазақстан мен Қырғызстан арасында визасыз режим бар: Қазақстан азаматтары Қырғызстанда 180 күндік кезең ішінде 90 күнге дейін бола алады. Қазақстанның ресми визалық кестесінде де Қырғызстан азаматтары үшін Қазақстанға 90 күнге дейін визасыз кіру қарастырылған.
Бірақ мәселе — халықаралық туристе.
Еуропадан, Азиядан немесе басқа құрлықтан келген саяхатшы үшін Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның әрқайсысына қатысты талаптарды бөлек қарау қажет болуы мүмкін. Сондықтан бірыңғай виза идеясының мәні — Орталық Азияға келетін үшінші ел азаматтарының саяхатын барынша қарапайым ету.
Туризм ғана емес, мәдени байланыс
Бірыңғай туристік кеңістік туралы әңгіме тек визалық жеңілдікпен тоқтап қалмайды. Орталық Азияның басты артықшылықтарының бірі — елдердің мәдениеті бір-бірімен тығыз байланысты. Ұлы Жібек жолының қалалары, ұлттық тағамдар, қолөнер, музыка, дәстүрлер мен заманауи мәдени фестивальдер бір ғана мемлекеттің шекарасымен шектелмейд.
Мысалы, Jibek Joly бағыты Алматы, Түркістан, Самарқанд және Душанбе сияқты тарихи әрі мәдени орталықтарды бір маршрутқа біріктірді. урист үшін бұл бірнеше бөлек билет немесе бірнеше жеке саяхат емес, бір үлкен мәдени маршрут ретінде ұсынылуы мүмкін.
Орталық Азияның өз «Шенгені» пайда бола ма?
Әзірге бұған нақты жауап жоқ. Бірыңғай туристік визаны іске қосу үшін мемлекеттер арасында визалық саясатты үйлестіру, шекаралық бақылау, қауіпсіздік және ақпарат алмасу тетіктерін келісу қажет. Сондықтан бүгінгі таңда «Орталық Азияның Шенгені пайда болды» деу дұрыс емес.
Бірақ аймақта соған ұқсас элементтер біртіндеп қалыптасып келеді: ортақ туристік маршруттар, халықаралық пойыздар, мәдени жобалар және визалық рәсімдерді цифрландыру. Қазақстанның өзі электронды визаны енгізіп, шетелдік туристерге өтінішті онлайн беруге мүмкіндік жасап отыр.
Бір билеттен басталған үлкен идея
Орталық Азияның туристік болашағын бір ғана визамен өлшеу қиын.
Егер турист Алматыдан Түркістанға, одан Самарқандқа, Душанбе мен Ташкентке оңай өте алатын болса, бұл қонақүйлерге, әуе компанияларына, теміржолға, гидтерге, музейлерге, мейрамханаларға және жергілікті шығармашылық индустрияға жаңа мүмкіндік береді. Ал ең маңыздысы — аймақтың өзін сыртқы аудиторияға біртұтас мәдени кеңістік ретінде танытуға жол ашылады.
Бәлкім, Орталық Азияның болашақ туристік бренді бір елдің атымен емес, бірнеше мемлекетті байланыстыратын ортақ маршрутпен есте қалатын шығар.
Әзірге бірыңғай виза — идея. Бірақ Jibek Joly сияқты жобалар бұл идеяның іс жүзінде қандай болуы мүмкін екенін көрсетіп отыр.
