Жүзден астам елдің оқушылары бас қосқан Астанадағы Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасы (IOAI) тек мектеп оқушылары арасындағы жарыс қана емес, мемлекеттердің жасанды интеллект саласындағы жаңа буын мамандарын даярлауға қаншалықты мән беретінін көрсеткен маңызды алаңға айналды. Олимпиада қорытындылары, Қытай құрамасының жетістігі және Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың келешегі туралы Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының бас хатшысы Данабек Қалиаждаров пікір білдірді.
Неліктен жасанды интеллектті мектептен бастап оқыту қажет?
Жасанды интеллект өнеркәсіптен бастап көлік, медицина және білім беру салаларына дейінгі көптеген бағыттардың негізгі технологиясына айналып келеді. Сондықтан дайын AI құралдарын қолдана білу ғана емес, олардың қалай жұмыс істейтінін түсіну және өз шешімдерін әзірлей алу қабілеті де маңызды бола түсуде.
«Жасанды интеллект қазір бір кездері интернет немесе дербес компьютерлер қандай маңызды болса, сондай базалық технологияға айналып келеді. Сондықтан AI-мен танысу логикалық ойлау, зерттеу дағдылары мен ғылымға қызығушылық қалыптасатын мектеп кезеңінен басталуы тиіс», – дейді Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының бас хатшысы Данабек Қалиаждаров.

Оның айтуынша, IOAI оқушыларға дәстүрлі мектеп бағдарламасының аясынан шығуға мүмкіндік береді.
«Мұнда олар тек теория оқып қоймайды. Машиналық оқытуға қатысты нақты міндеттерді шешеді, деректермен жұмыс істейді, модельдерді нөлден бастап құрады және зерттеуші секілді ойлауды үйренеді. Осындай тәжірибе болашақ инженерлерді, ғалымдар мен кәсіпкерлерді қалыптастырады».
Жеке турда қатысушылар машиналық оқыту, деректер және жасанды интеллекттің басқа да бағыттары бойынша тапсырмаларды орындады. Ал командалық Team Challenge кезеңінде оқушылар робототехникада жасанды интеллектті қолданды. Осылайша олимпиада олардың теориялық білімін ғана емес, оны тәжірибеде пайдалану қабілетін де сынады.
Неліктен Қытай жоғары нәтиже көрсетіп отыр?
IOAI 2026 олимпиадасында Қытай құрамасы ең табысты командалардың бірі болды. Оқушылар бес алтын және үш күміс медаль жеңіп алды. Қытайлық қатысушы Шао Цзыси абсолюттік жеке есепте үшінші орынға ие болды.

Қалиаждаровтың пікірінше, бұл нәтиже бір олимпиадаға дайындықтың емес, ұзақ жылдарға созылған жүйелі жұмыстың жемісі.
«Кез келген нәтиже – көпжылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі. Қытайда STEM-білімге, бағдарламалауға, математика мен жасанды интеллектке мектеп жасынан бастап ерекше көңіл бөлінеді», – дейді ол.
Шынында да, Қытай жасанды интеллект саласындағы білім беруді дәйекті түрде дамытып келеді. 2017 жылы Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесі 2030 жылға дейінгі мақсаттарды қамтитын жаңа буындағы жасанды интеллектті дамыту жоспарын бекітті. Құжаттың негізгі бағыттарының бірі – мамандар даярлау және білім беру базасын күшейту болды.
Соңғы жылдары AI мектеп бағдарламаларына да белсенді енгізілуде. Елде оқушыларды ерте жастан жасанды интеллектпен таныстыратын оқу бағдарламалары мен оқу материалдары әзірленіп жатыр.
Қалиаждаровтың айтуынша, басты артықшылық – білім берудің әртүрлі деңгейлерінің өзара байланысында.
«Дайындық бір олимпиада төңірегінде құрылмайды. Оның негізінде мықты мектептер мен университеттер, арнайы үйірмелер мен жарыстар, зерттеу орталықтары және технологиялық компаниялардың белсенді қатысуы бар тұтас экожүйе жатыр. Білім, ғылым және индустрияның осындай байланысы таланттарды жүйелі түрде дамытуға мүмкіндік береді».

IOAI қарсаңында Қытай оқушылары арнайы оқу-жаттығу жиындарынан да өтті. Бұл халықаралық жарыстарға дайындықтың таланттарды іздеу және дамыту жүйесінің бір бөлігі екенін көрсетеді.
Қазақстан Қытай тәжірибесінен не ала алады?
Қазақстан үшін ең қызықтысы – оқушының технологияға деген алғашқы қызығушылығынан бастап университеттік білімге, ғылыми зерттеулерге және технологиялық компаниялардағы еңбекке дейінгі үздіксіз дайындық қағидаты.
«Қытай тәжірибесіндегі ең құнды нәрсе – жүйелілік. Таланттарды даярлау мектептегі қызығушылықтан бастап университеттік зерттеулер мен жоғары технологиялық компаниялардағы жұмысқа дейінгі үздіксіз жол ретінде қарастырылады. Мұндай тәсіл сала үшін тұрақты кадрлық резерв қалыптастырады», – дейді Қалиаждаров.
Сонымен қатар ол Қазақстанға Қытай моделін толық көшірудің қажеті жоқ екенін атап өтті.
«Мәселе бір елдің екінші елден үйренуінде емес, тәжірибе алмасуда. Қытайда ауқымды экожүйе мен көпжылдық тәжірибе бар, ал Қазақстан жаңа бастамаларды жылдам енгізуімен және халықаралық ынтымақтастыққа ашықтығымен ерекшеленеді».
Астанада IOAI өткізу де осы бағыттағы дамудың бір көрінісі болды. Қазақстан 100-ден астам елдің қатысушыларын қабылдап, оқушыларды, тәлімгерлерді, ғалымдарды және технологиялық сектор өкілдерін бір алаңға жинай алды.
Олимпиада жаңа жобалардың бастамасына айнала ала ма?
IOAI жарыс аяқталғаннан кейін де өз маңызын сақтай алады. Мұндай халықаралық олимпиадалар әртүрлі елдердің оқушылары мен тәлімгерлерінің танысуына, ал университеттер мен технологиялық компаниялардың жаңа серіктестік мүмкіндіктер табуына жол ашады.
«IOAI – бұл тек жарыс емес. Бұл оқушылар, оқытушылар, ғалымдар, университеттер мен жетекші технологиялық компаниялардың өкілдері бас қосатын халықаралық алаң», – дейді федерацияның бас хатшысы.

Олимпиаданың серіктестері қатарында Huawei және Galbot компаниялары болды. Соңғысы робототехникаға маманданған, бұл командалық кезеңнің мазмұнымен де үйлеседі.
Данабек Қалиаждаровтың пікірінше, алдағы жылдары жасанды интеллекттің дамуы тек ірі тілдік модельдермен шектелмейді.
«Келесі кезеңде жасанды интеллекттің дамуы тек үлкен тілдік модельдермен емес, робототехникамен, автономды көлікпен, өнеркәсіптік автоматтандырумен және ұшқышсыз жүйелермен байланысты болады деп сенеміз».
Бұл бағыттар Қазақстан мен Қытай арасындағы университеттік жобалар, ғылыми зерттеулер, тәжірибе алмасу және мамандар даярлау салаларындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін аша алады.
Сонымен бірге Қазақстан өзінің жеке даму моделін қалыптастыруы тиіс.
«Біздің міндет – басқа елдің жолын қайталау емес. Әр мемлекет өз мүмкіндіктері мен басымдықтарына сәйкес экожүйесін қалыптастырады. Бірақ әлемдік AI қауымдастығының бір бөлігі болып, халықаралық зерттеулерге қатысып, тәжірибе алмасып және жаһандық технологиялық трендтерден қалып қоймау өте маңызды», – дейді сарапшы.
Бүгінгі оқушы нені үйренуі керек?
Егер жасанды интеллект экономиканың маңызды бөлігіне айналса, болашақ мамандарға қойылатын талаптар да өзгереді.

Данабек Қалиаждаров оқушыларға ең алдымен күрделі міндеттерден қорықпауға және жаңа білімге деген қызығушылығын жоғалтпауға кеңес береді. Оның пікірінше, математика, бағдарламалау, алгоритмдер және машиналық оқытудың негіздері маңызды. Сонымен қатар сыни ойлау, деректермен жұмыс істеу, стандартты емес міндеттерді шешу және командада жұмыс істеу қабілеттері де қажет.
«Технологиялар үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан ең құнды дағды – жылдам үйрену және бейімделу қабілеті. Дәл осындай мамандар жасанды интеллектті жай ғана пайдаланбай, оның келесі буынын жасайды».
Сондықтан IOAI олимпиадасының маңызы медальдар кестесімен ғана өлшенбейді.
Бүгінде оның қатысушылары машиналық оқыту тапсырмаларын орындап, роботтармен жұмыс істейтін мектеп оқушылары болса, бірнеше жылдан кейін олардың бір бөлігі инженерлерге, зерттеушілерге және жаңа технологияларды әзірлеушілерге айналады.

Мұндай жарыстардың басты мәні де осында. Мемлекеттер келесі технологиялық дәуірдің мамандарын ол дәуір толық келгенге дейін дайындай бастайды.
Сәуле Түгелбаева
