Астаналық 10-сынып оқушысы Нұрқанат Әли небәрі төрт айдың ішінде SAT емтиханындағы нәтижесін 1310 балдан ең жоғары көрсеткіш — 1600 балға дейін көтерді. 16 жастағы оқушы енді Нью-Йорк университетіне түсіп, IT саласын меңгеріп, болашақта өз технологиялық стартапын құруды жоспарлап отыр.
SAT-тан 1600 балл жинау Нұрқанатқа әлемнің жетекші университеттеріне түсуге мүмкіндік беріп қана қоймай, халықаралық гранттар мен стипендиялық бағдарламаларға қатысуға жол ашады.
“Нәтиже келгенде қатты таңғалдым. Бұл емтиханды сынақ ретінде тапсырғандықтан, ол туралы ешкімге дерлік айтпадым. Тек мұғалімім мен қарындасым ғана білді. Нәтижені де қарындасыммен бірге аштым. Сайт төрт сағатқа жуық жүктелді. Экранда 1600 балл шыққан кезде, қарындасым айқайлап, қуанып, мені құттықтай бастады. Бұл екеуіміз үшін өте әсерлі сәт болды. Мені емтиханға дайындаған Сұлтан аға да алғашында нәтижеге сенбеді. Ол менің 1500-ден жоғары балл жинайтынымды күткен, бірақ 1600 болады деп ойламаған. Ол қатты қуанып, бұл үлкен мақтаныш екенін айтты,” — дейді Нұрқанат.

Оның жетістігін ата-анасы да үлкен қуанышпен қабылдаған. Нұрқанат — алты балалы отбасындағы тұңғыш перзент. Үйдегілер оның шетелде білім алу мақсатын қолдайды. Бұған қоса, маусым айында оқушы IELTS емтиханынан 7,5 балл жинаған.
Болашақта Нұрқанат алған білімін Қазақстандағы өзекті мәселелерді шешуге, соның ішінде интернетке қолжетімділікті жақсартуға бағыттағысы келеді.
“Бала кезімнен IT саласына қызығамын. Қазақстандағы мықты IT мамандарының бірі саналатын жездем бар. Мен оның жолын қуып, кейін қосымшалар әзірлеп, жеке жобаларымды іске асырып, стартап ашқым келеді,” — дейді ол.
Оқушының SAT-тағы алғашқы көрсеткіші 1310 балл болған. Алайда төрт ай бойы жүйелі дайындалып, нәтижесін 1600 балға дейін жеткізген.
Нұрқанаттың дайындығына қазақстандық EdTech-кәсіпкер Лаура Вайгорова негізін қалаған Smartest Prep орталығының мамандары көмектескен. Орталық оқушыларды шетелдік университеттерге түсуге, халықаралық емтихандарға дайындалуға, эссе жазуға және оқуға түсу стратегиясын әзірлеуге бағыттайды.

“SAT емтиханынан мұндай нәтижені кездейсоқ алу мүмкін емес. Оның артында үнемі ұзақ уақыт бойы жасалған үлкен еңбек пен тәжірибе тұрады. Нұрқанат, жарайсың! Осындай жетістіктер Қазақстанда әлемнің ең үздік оқушыларымен тең дәрежеде бәсекелесе алатын және жетекші университеттерден орын алуға үміткер жастар өсіп келе жатқанын бүкіл әлемге көрсетеді. Осындай өршіл әрі қабілетті балалардың көбейіп келе жатқанын көру қуантады,” — дейді Лаура Вайгорова.
Оқушы өзінің жоғары нәтижеге жетуіне қызығушылығы мен тұрақты дайындықтың әсер еткенін айтады.
“Біріншіден, бұл, әрине, мұғалімдерімнің еңбегі. Бірақ SAT форматы өзіме де қатты ұнады. Дайындық ауыр немесе жалықтыратын нәрсе болып көрінген жоқ. Керісінше, тапсырмаларды орындау маған қызық болды. Көбіне кешкі уақытта, тіпті түнде де дайындалып, Smartest Prep платформасында жаттығып, жіберген қателерімді талдайтынмын. Меніңше, маған дәл осы қызығушылық пен құлшыныс көмектесті,” — дейді ол.
Нұрқанаттың жетістіктері тек біліммен шектелмейді. Ол бразилиялық джиу-джитсу мен грэпплингтен Қазақстанның үш дүркін чемпионы, сондай-ақ әлем чемпионатының жүлдегері.
Оқушы бұған дейінгі сәтсіздіктері де өзіне сабақ болғанын айтады.
“Бұған дейін көп нәрсе ойдағыдай бола бермейтін. Әлем чемпионатында бірінші орын ала алмадым. НЗМ-ге де түспедім. Ал бұл жолы рекорд орнаттым. Осы нәтиже маған үлкен шабыт берді,” — дейді Нұрқанат.
Енді 16 жастағы оқушы шетелдік университеттерге түсуге дайындалып жатыр. Оның басты мақсаты — IT саласында білім алып, болашақта өз технологиялық жобасын жүзеге асыру.
