Жасанды интеллект күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Электронды сауда саласында да жаңа технологиялар тауар іздеу мен тапсырыс беруді бұрынғыдан да жеңілдетуде. Енді пайдаланушылар ChatGPT және Claude платформаларындағы жасанды интеллект көмекшілері арқылы қажетті тауарларды немесе дайын тағамдарды іздеп, бағаларын салыстырып, тапсырыс рәсімдей алады.
Бұл мүмкіндік Glovo сервисінің ChatGPT және Claude платформаларымен интеграциясы аясында жүзеге асырылды. Енді қолданушы қосымшадағы бөлімдер мен сүзгілерді пайдаланбай-ақ, өз сұранысын чатта еркін сипаттай алады. Мысалы, белгілі бір бюджетке кофе сүйетін адамға сыйлық таңдауды немесе бірнеше адамға арналған кешкі асқа қажетті өнімдерді ұсынуды сұрауға болады.
Пайдаланушы Glovo аккаунтын ChatGPT немесе Claude жүйесіне байланыстырғаннан кейін Shopping Assistant көмекшісімен диалог жүргізеді. Жүйе пайдаланушының бюджеті мен қалауын есте сақтап, жақын маңдағы дүкендер мен мейрамханалардан сәйкес тауарларды ұсынады. Сонымен қатар тауарлардың фотосуреттері, бағасы, рейтингі және сатушы туралы ақпарат көрсетіледі.
Тауарларды іздеу мен таңдау ChatGPT немесе Claude интерфейсінде жүзеге асады, ал тапсырысты рәсімдеу және төлем жасау Glovo қосымшасы немесе веб-нұсқасы арқылы орындалады.
Glovo Қазақстанның бас директоры Руслан Гамзаевтың айтуынша, бұл жаңарту пайдаланушылармен өзара әрекеттесудің жаңа кезеңін бастайды.
«Адамдар генеративті жасанды интеллектіні ақпарат іздеу мен күнделікті міндеттерді шешу үшін жиі қолданады. ChatGPT және Claude платформаларымен интеграция – біздің сервисті дамытудың заңды жалғасы. Біз дәстүрлі іздеуден диалог форматына көшіп, технологияның көмегімен тауарды тез әрі дәл таңдауға мүмкіндік жасап отырмыз», – деді ол.
Компанияның мәліметінше, бұл шешім платформалық экономиканың жасанды интеллектімен интеграциялануының тағы бір мысалы болып, пайдаланушыларға қажетті өнімді қарапайым диалог арқылы табуға мүмкіндік береді.
