Тараз қаласында Қазақстан мен Қытайдың су шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығы аясында мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлауға арналған бірлескен оқу орталығы ашылды, деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа оқу орталығы Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен Қытайдың «Үш шатқал» электр энергетикасы кәсіптік колледжі арасында жасалған меморандум негізінде ҚазСШҒЗИ базасында құрылды.
Орталықтың негізгі мақсаты – Қазақстанның су шаруашылығы саласы мамандарының біліктілігін арттыру, қайта даярлау, сондай-ақ оқу семинарлары мен кәсіби тренингтер ұйымдастыру.
Оқыту бағдарламалары Қытайдың су ресурстарын басқару, гидротехникалық нысандар салу, саланы цифрландыру және интеллектуалды басқару жүйелерін енгізу бағыттарындағы тәжірибесіне негізделген заманауи әдістемелер бойынша жүргізіледі.
Сонымен қатар оқу орталығында қазақстандық су шаруашылығы кәсіпорындарының қажеттіліктеріне сай кадрларды қайта даярлау жұмыстары ұйымдастырылып, оқытушылар мен сарапшыларды бірлесіп даярлау тетігін қалыптастыру жоспарланған.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ғылым және инновация департаментінің директоры Марат Иманалиевтің айтуынша, меморандум аясында екі елдің білім беру және ғылыми ұйымдары арасындағы ынтымақтастық одан әрі кеңейтіледі.
Оның сөзінше, тараптар оқытушылар мен мамандар алмасуды, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді, білім беру бағдарламаларын әзірлеуді, сондай-ақ су шаруашылығы саласына инновациялық технологияларды енгізу бағытындағы жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Қытайдың «Үш шатқал» электр энергетикасы кәсіптік колледжі Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті базасында бірлескен колледж құру мәселесін де пысықтап жатыр.
