Алматыда жоғары жылдамдықты интернет инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. 2026 жылы қаладағы 10 мың көпқабатты тұрғын үй XGSPON технологиясы негізіндегі жаңа желіге қосылады, деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы қаласының Цифрландыру басқармасының мәліметінше, шаһарда телекоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту және XGSPON жоғары жылдамдықты интернет технологиясын енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
XGSPON технологиясы деректерді секундына 10 Гбит-қа дейінгі жылдамдықпен жеткізуге мүмкіндік береді. Алматы бұл технологияны Wi-Fi 6 жүйесімен бірге енгізген Қазақстандағы алғашқы қала болды.
Қазіргі таңда жаңа инфрақұрылымға Түрксіб ауданындағы 80 тұрғын үй, сондай-ақ Наурызбай және Әуезов аудандарындағы 700-ден астам көпқабатты тұрғын үй қосылған.
Биыл қалада жоғары жылдамдықты интернетке 10 мың көпқабатты тұрғын үйді қосу жоспарланған. Сонымен қатар тұрғын үйлердің кіреберістеріне 40 мың бейнекамера орнатылып, 10 мың пәтерге әлеуметтік интернет тарифі ұсынылады.
Цифрландыру бағытындағы жұмыстар аясында Алматыда бүгінде 1 мыңнан астам қоғамдық Wi-Fi нүктесі жұмыс істейді. Сондай-ақ қала бойынша 900-ден астам 5G базалық станция орнатылған.
Бұдан бөлек, Алматы метрополитенінің барлық 11 бекеті жаңа буын мобильді байланыспен толық қамтылған.
