2026 жылдың шілде-қазан айлары аралығында Қазақстанда «Бірлікке үн қосқан» республикалық этномәдени бірлестіктер фестивалі ұйымдастырылады. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі өткізеді деп хабарлайды SteppeNews.kz, ASTANAТV-ға сілтеме жасап.
Фестивальдің мақсаты – этномәдени бірлестіктердің шығармашылық әлеуетін дамыту, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, сондай-ақ Қазақстан халқының мәдени мұрасы мен ұлттық дәстүрлерін кеңінен насихаттау.
Фестиваль екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде облыстарда, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өңірлік іріктеу байқаулары өтеді. Үздік өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар республикалық кезеңге жолдама алып, қазан айында Астанада өтетін қорытынды Гала-концертте өнер көрсетеді.
Байқауға этномәдени бірлестіктердің өкілдері, шығармашылық ұжымдар және жеке орындаушылар қатыса алады. Қатысушылар бес номинация бойынша сынға түседі: «Үздік шығармашылық ұжым», «Үздік аспаптық шығарма», «Үздік орындаушы», «Қазақ тіліндегі үздік орындаушы» және «Үздік хор ұжымы».
Фестиваль өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және жас таланттарды қолдауға бағытталған. Ал қорытынды Гала-концерт Республика күніне арналған мерекелік іс-шаралар аясында өтеді.
