Елорданың Байқоңыр ауданында «Дармен-1» тұрғын үй кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл – реновация мемлекеттік бағдарламасы аясында жеке инвестиция қаражатына жүзеге асырылған алғашқы жоба, деп хабарлайды SteppeNews.kz, Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрғын үй қорын жаңғыртуға жеке инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында пайдалануға берілген алғашқы нысан болды.
Салтанатты рәсімге Байқоңыр ауданының әкімі, мемлекеттік органдардың өкілдері, құрылыс компаниясының басшылығы, тұрғындар, серіктестер және қонақтар қатысты.
Тұрғын үй кешенінің құрылысы 2025 жылдың қаңтарында басталып, 17 ай ішінде толық аяқталды.
«Тұрғын үй кешені екі кіреберістен және 158 пәтерден тұрады. Бұл – ауданда реновация мемлекеттік бағдарламасы аясында жеке инвестиция есебінен салынған алғашқы тұрғын үй кешені. Ескі үйлер орналасқан жер телімдері сатып алынып, олардың орнына заманауи тұрғын үйлер бой көтеруде. Бұл тұрғындарға қаланың басқа бөлігіне көшпей-ақ тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді», – деді жоба жетекшісі Олжас Ақыбаев.
Оның айтуынша, тұрғын үйдегі пәтер санының аз болуы тұрғындарға жайлы әрі тыныш ортада өмір сүруге мүмкіндік береді.
Байқоңыр ауданының тұрғыны Аслан ауданның соңғы жылдары айтарлықтай өзгергенін атап өтті.
«Мен Байқоңыр ауданында 40 жылдан астам уақыт тұрамын және оның қалай өзгеріп жатқанын өз көзіммен көріп жүрмін. Жаңа гүлзарлар мен қоғамдық кеңістіктер ашылып, көшелер абаттандырылып жатыр. Ескі, тозығы жеткен үйлердің орнына заманауи тұрғын үй кешендері салынып жатыр. Аудан сол жағалаумен қатар дамып келеді. Бұл өте қуантады. Алдағы уақытта да ауданды жаңғырту жұмысы жалғасады деп сенемін», – деді ол.
Тұрғынның пікірінше, жаңа тұрғын үй кешені қолайлы жерде орналасқан, заманауи талаптарға сай жабдықталған әрі елорданың оң жағалауының дамуына оң серпін береді.
Еске салайық, бұған дейін елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Үкімет пен Астана әкімдігіне тозығы жеткен және апатты үйлерді сүріп, жер телімдерін сатып алу, сондай-ақ реновация аймақтарын жаңғырту жұмыстарына жеке құрылыс компанияларының әлеуетін тартуды тапсырған болатын. «Дармен-1» тұрғын үй кешені – осы тетік арқылы жеке инвестиция есебінен жүзеге асқан алғашқы жоба.
