Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Дастан Сатпаев Англияның «Челси» клубының маусым алдындағы турға арналған құрамына енді, деп хабарлайды SteppeNews.kz Лондон клубының мәлімдемесіне сілтеме жасап.
12 тамызда 18 жасқа толатын шабуылшы «Челсиге» биылғы маусымда қосылды. Ол 2026/27 жылғы маусымға дайындықты команданың жаңа бас бапкері, испаниялық Хаби Алонсоның жетекшілігімен негізгі құрамда бастады.
Сатпаев бұған дейін Англияның төменгі лигаларында өнер көрсететін «Кроули» (3:1) және «Бромли» (3:0) клубтарына қарсы жолдастық кездесулерде алаңға шыққан болатын.
Енді қазақстандық футболшы «Челсимен» бірге Австралия мен Азиядағы маусым алдындағы турға аттанады. Тур құрамына барлығы 28 футболшы енгізілген.
28 шілде мен 9 тамыз аралығында лондондық клуб бес жолдастық матч өткізеді. Команда Австралияның «Вестерн Сидней», Италияның «Ювентус» және «Милан», Англияның «Тоттенхэм», сондай-ақ Малайзияның «Джохор Дарул Такзим» клубтарына қарсы ойнайды.
Ал «Челси» маусым алдындағы соңғы кездесуін 15 тамыз күні өз алаңында Испанияның «Реал Сосьедад» командасына қарсы өткізеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
