Кеше Қазақстанның Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жылдық 17%-дан 16,75%-ға дейін, ±1 пайыздық тармақ дәлізімен төмендету туралы шешім қабылдады.
Реттеушінің бұл шешіміне қандай факторлар әсер етуі мүмкін, мөлшерлеменің төмендеуі экономика үшін нені білдіреді және Ұлттық банктен алдағы уақытта қандай қадамдар күтуге болады? Бұл туралы Qazaq Expert Club сарапшылары түсіндірді.
Айгерім Ілиясова, Qazaq Expert Club сарапшысы, экономика ғылымдарының кандидаты, қаржыгер
2026 жылдың соңына дейін базалық мөлшерлеме біртіндеп 16%-ға дейін төмендейді деген болжам болған еді. Ұлттық банктің мөлшерлемені 17%-дан 16,75%-ға дейін төмендетуі осы болжамды растап отыр. Сонымен қатар, 16–17% деңгейіндегі базалық мөлшерлеме экономиканың ұзақ мерзімді тепе-теңдік деңгейі емес, керісінше экономикалық өсімді тежеуі мүмкін дағдарысқа қарсы шара екенін түсіну маңызды.
2026 жылы инфляцияның 10,3%-ға дейін баяулауы мөлшерлемені төмендетуге алғышарт жасады. Алайда инфляция әлі де 10%-дан жоғары болғандықтан, ақша-кредит саясатын жұмсарту әзірге өте сақ түрде жүргізіліп отыр. Сонымен бірге Қазақстандағы инфляцияға пайыздық мөлшерлемеге қатысы жоқ басқа да факторлар елеулі ықпал ететінін ескерген жөн.
Венера Жаналинa, Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер
Базалық мөлшерлеменің 16,75%-ға дейін төмендеуі Ұлттық банктің ақша-кредит саясатын абайлап жұмсартуға мүмкіндік бар деп санайтынын көрсетеді.
Алайда мөлшерлеменің небәрі 25 базистік тармаққа төмендеуі реттеушінің әлі де жоғары инфляцияны, тарифтік тәуекелдерді және сақталып отырған баға қысымын ескеріп отырғанын білдіреді. Сондықтан бұл саясаттың күрт өзгеруі емес, ақша-кредит шарттарын біртіндеп жұмсарту. Алдағы шешімдер көбіне жаңа экономикалық деректерге байланысты қабылданатын болады.
Саида Тілеуленова, Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер
Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін төмендетуі реттеушінің инфляциялық үдерістердің біртіндеп тұрақтанып келе жатқанын байқап, қазіргі инфляциялық тәуекелдерді анағұрлым басқарылатын деп бағалайтынын көрсетеді.
Базалық мөлшерлеменің төмендеуі бизнес пен халық үшін несие ресурстарының құнын біртіндеп арзандатып, инвестициялық белсенділік пен экономикалық өсімді қолдауы мүмкін.
Сонымен қатар ақша-кредит саясаты әлі де жеткілікті түрде қатаң болып отыр. Сондықтан әзірге саясатты жылдам жұмсарту кезеңі басталды деуге ерте. Ұлттық банктің келесі шешімдері негізінен инфляцияның серпініне, теңге бағамына және сыртқы экономикалық жағдайға байланысты болады.
Раушан Тасшоинова, Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер, салық кеңесшісі
Инфляция әлі де екі таңбалы деңгейде болғанымен, соңғы бірнеше ай бойы біртіндеп баяулап келеді. Ұлттық банкке ақша-кредит саясатын жұмсартуға алғашқы қадам жасап, базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берген де осы жағдай болса керек.
Сонымен қатар базалық мөлшерлеме әлі де инфляция деңгейінен едәуір жоғары. Бұл ақша-кредит шарттарының бұрынғысынша жеткілікті қатаң сақталып отырғанын білдіреді.
Дереккөз: Qazaq Expert Club
