Астанада қайтыс болған адамның жүрегі 59 жастағы науқасқа сәтті трансплантацияланды. Осылайша жүрек ауыстыруды ұзақ уақыт күткен пациенттің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туды деп хабарлайды SteppeNews.kz, KAZINFORM-ға сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 14 шілдеден 15 шілдеге қараған түні Астанадағы көпбейінді медицина орталығында әлеуетті донор анықталған. Марқұмның туыстары ағза донорлығына келісім бергеннен кейін Трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық донорлық үдерісті ұйымдастырған.
– Операцияны UMC трансплантологтары жүргізді. Жүрек 1966 жылы туған пациентке сәтті салынды. Қазіргі таңда науқастың жағдайы операциядан кейінгі кезеңге сәйкес тұрақты, – делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.
Министрлік марқұмның туыстарына ағза донорлығына келісім бергені үшін алғыс білдіріп, трансплантацияның сәтті өтуіне үлес қосқан трансплантологтарға, донорлық аурухананың дәрігерлеріне, санитариялық авиация қызметкерлеріне және барлық медицина мамандарына ризашылығын жеткізді.
Ведомствоның мәліметінше, бүгінде Қазақстанда өмірлік маңызды ағзаларды трансплантациялауды 4 739 адам, оның ішінде 125 бала күтіп отыр. Оның ішінде 4 208 науқасқа бүйрек, 293 адамға бауыр, 208 адамға жүрек, 30 адамға өкпе және 5 адамға жүрек-өкпе кешенін трансплантациялау қажет.
Еске салайық, бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ағза донорлығына келісім беретінін мәлімдеген болатын.
