Алматы қаласының Наурызбай ауданында көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Аудан әкімдігінің мәліметінше, маусым басталғалы Eco Almaty қызметкерлерімен бірлесіп жалпы аумағы 7 мың шаршы метрге 252 мың гүл көшеті отырғызылған деп хабарлайды SteppeNews.kz, Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Гүл композициялары Шұғыла шағынауданында, «Алатау» шипажайының маңында, Сәбденов көшесі мен Абай даңғылы бойында орналастырылды.

Сонымен қатар Абай және Алатау даңғылдарында, сондай-ақ Әшімов, Шаляпин, Қонаев және Рысқұлов көшелерінде 1 950 тік көгалдандыру құрылымы орнатылды.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында «Алматының гүл жұмағы» саябағының құрылысы да жалғасуда. Қазіргі уақытта аумақта жер жұмыстары жүргізіліп, ағаштар отырғызылған, су құбыры тартылып, сыртқы жарықтандыру желілерін орнатуға дайындық жасалған. Сонымен қатар абаттандыру үшін шамамен 5 мың шаршы метр кеспетас сатып алынып, жиектастарды орнату жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан бөлек, аталған бағдарлама шеңберінде Әшімов көшесінде көгалдандыру, автоматты суару жүйесін орнату, жаяу жүргіншілер аймақтарын абаттандыру, көшелерді жарықтандыру және жөндеу жобалары жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Наурызбай ауданы әкімдігі хабарлады.
