Тараздық музыкант Бақыт Шағырбаев дәстүрлі музыка аталымы бойынша жаңа әлемдік рекорд орнатты деп хабарлайды SteppeNews.kz, Liter.kz-ке сілтеме жасап.
Өнерпаз 6 сағат 21 минут бойы үзіліссіз 114 дәстүрлі әнді орындады. Ол әндерді ешқандай мәтінге, нотаға немесе суфлердің көмегіне жүгінбей, фонограмма, хор және аспаптық сүйемелдеусіз орындаған. Сонымен қатар музыкант барлық әнге өзі баянмен сүйемелдеу жасады.
Бұл жетістік Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласында орналасқан Global Best of Records (GBR) халықаралық рекордтар кітабы тарапынан ресми түрде тіркелді.
Халықаралық ұйым өкілдері бұл жетістіктің маңызын атап өтіп:
«Әрбір рекорд – бұл бір тарих», – деп мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін бұл рекорд Shakarim University Өнер кафедрасының оқытушысы, университеттің құрметті профессоры және Қазақстанның мәдениет саласының үздігі Қайрат Қабышевке тиесілі болған.
Ол рекорд орнату кезінде 5 сағат 29 минуттың ішінде 102 қазақтың дәстүрлі әнін мәтінсіз, нотасыз және фонограммасыз орындап, әндерді өз аспаптық сүйемелдеуімен шырқап шыққан.
