Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин білім беру саласындағы партиялық саясатты жан-жақты жүзеге асырудың, жоғары адамгершілік қасиеттерге ие тұлға тәрбиелеудің және базалық білім берудің сапалы дамуын жаңа деңгейге көтерудің маңызын атап өтті. Бұл туралы SteppeNews.kz, «Синьхуа» ақпараттық агенттігіне сілтеме беріп хабарлайды.
Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы әрі Орталық әскери кеңестің төрағасы қызметін қатар атқаратын Си Цзиньпин бұл туралы базалық білім беру саласына қатысты маңызды нұсқауында мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2012 жылы өткен Қытай Коммунистік партиясының XVIII съезінен бері ҚКП Орталық комитеті базалық білім беруді мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде қарастырып келеді. Осы кезеңде қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде білім беру жүйесі айтарлықтай дамып, Қытайды әлемдік деңгейдегі білім беру державасына айналдыруға берік негіз қаланды.
Си Цзиньпин партияның білім беру саясатын дәйекті түрде жүзеге асырудың және жан-жақты дамыған жас ұрпақты тәрбиелеудің маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жастар жоғары адамгершілік қасиеттерге, терең білімге, мықты денсаулыққа, эстетикалық талғамға және еңбек дағдыларына ие болып, социалистік құрылысты жалғастыруға дайын болуы қажет.
Қытай басшысы білім беру жүйесінде денсаулыққа басымдық беретін тұжырымдаманы іске асырудың, оқу сапасын арттырудың, оқушылардың физикалық және психологиялық саулығын нығайтудың, сондай-ақ олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасаудың маңызды екенін айтты.
Сонымен қатар ол жоғары білікті педагогтер даярлау, білім беру ресурстарын тиімді бөлу, білім беру жүйесін кешенді реформалау және мектеп, отбасы мен қоғам арасындағы өзара байланысты нығайту қажеттігін атап өтті.
Бұл нұсқау Бейжіңде өткен базалық білім беру мәселелеріне арналған жалпықытайлық жұмыс кеңесінің қатысушыларына таныстырылды.
Кеңеске Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросы Тұрақты комитетінің мүшесі, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Дин Сюэсян қатысып, сөз сөйледі. Ол әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа жағдайларына бейімделіп, халықтың заманауи сұраныстарына жауап бере отырып, базалық білім берудің сапалы дамуына белсенді түрде ықпал етуге шақырды.
