Алматы халықаралық әуежайында жаңа Оңтүстік перронды қайта жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталды. Жаңартылған нысан пайдалануға беріліп, онда алғашқы әуе кемесіне қызмет көрсетілді, деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы халықаралық әуежайына сілтеме жасап.
Оңтүстік перронды жаңғырту – әуежайдың аэродром инфрақұрылымын кешенді жаңарту бағдарламасының маңызды бөлігі. Жоба әуе кемелеріне қызмет көрсету мүмкіндігін кеңейтіп, әуежайдың өткізу қабілетін арттыруға бағытталған.

Жоба толық аяқталғаннан кейін жаңартылған перрон бір мезгілде Code E санатындағы үш әуе кемесіне немесе Code B және Code C санатындағы 12 әуе кемесіне дейін қызмет көрсете алады.
Әуежай әкімшілігінің мәліметінше, жаңа инфрақұрылым операциялық тиімділікті арттырып, аэродром жұмысының сенімділігін күшейтеді. Сонымен қатар бұл жаңғырту әуежайдың әрі қарай дамуына және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
