Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында Альцгеймер ауруын емдеуге арналған NEUROLITH аппараты таныстырылды. Қазақстанға алғаш рет жеткізілген бұл құрылғы жуық арада медициналық тәжірибеде қолданыла бастайды, деп хабарлайды SteppeNews.kz Profit.kz сайтына сілтеме жасап.
Швейцариялық Storz Medical компаниясының өкілдері ұсынған құрылғы миды транскраниалдық импульстік стимуляциялау технологиясына негізделген. Ол Еуропада 2018 жылдан бері Альцгеймер ауруын емдеуде қолданылып келеді және тиімділігін көрсеткен.
Мамандардың айтуынша, аппарат 3D-навигация және әр пациенттің МРТ деректері арқылы мидың қажетті аймақтарына дәл әсер етеді. Орта есеппен емдеу курсы екі апта ішінде алты сеанстан тұрады. Бүгінде бұл технологиямен әлем бойынша 20 мыңнан астам адам ем қабылдап, айтарлықтай жанама әсерлер тіркелмеген.
Компания өкілдерінің мәліметінше, Қазақстан Альцгеймер ауруын осы технологиямен емдеуді енгізген Орталық Азиядағы алғашқы ел болады.
Қазір Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының неврологтары жаңа аппаратпен жұмыс істеуді меңгеріп жатыр.
Аурухананың нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Константин Лидің айтуынша, құрылғы ауруды толық емдемесе де, пациенттердің және олардың жақындарының өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
