Қазақстанда этносаралық келісімді, қоғамдық тұрақтылық пен ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясат жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар халықтың жоғары бағасына ие болып отыр, деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесіне сәйкес, азаматтардың 93,2 пайызы елдегі этносаралық қарым-қатынасты тұрақты деп бағалаған. Зерттеуді Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты жүргізген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев этносаралық келісім мен қоғамдық бірлік мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін бірнеше рет атап өткен. Президенттің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстың негізінде әділдік қағидаты мен барлық азаматқа тең мүмкіндік беру ұстанымы жатыр.
Зерттеу нәтижесі бойынша, респонденттердің 72,5 пайызы этникалық тегі бойынша құқықтарының ешқашан бұзылмағанын айтқан. Сондай-ақ сауалнамаға қатысқандардың 86,8 пайызы этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған мемлекеттік шараларға оң баға берген.
Биылғы жылдың алғашқы алты айында республика көлемінде этносаралық келісімді нығайтуға арналған 5 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 140 мыңнан астам адам қатысты. Бұл жұмыстарға 800-ге жуық сарапшы, журналист, блогер және этномәдени бірлестіктердің өкілдері жұмылдырылған.
Қазіргі таңда Қазақстанда 130-ға жуық этнос өкілі өмір сүреді. Елде 1 мыңға жуық этномәдени бірлестік пен 4 мыңнан астам қоғамдық құрылым жұмыс істейді.
Қоғамдық келісімді нығайтуда «Қоғамдық келісім» КММ мен Достық үйлері маңызды рөл атқарады. Бүгінде еліміздің барлық өңірінде 37 Достық үйі жұмыс істеп, қоғамдық диалогты дамытуға, мәдени-ағартушылық жобаларды жүзеге асыруға және этномәдени бірлестіктер, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге ықпал етіп келеді.
Этномәдени бірлестіктер республикалық маңызы бар бастамаларға да белсенді қатысуда. Соның ішінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына жыл басынан бері 300 мыңнан астам адам қосылған.
Сонымен қатар елімізде медиация институтын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Әр өңірде кәсіби медиаторларды, заңгерлерді, педагогтерді, психологтарды, дінтанушыларды, журналистерді және қоғам белсенділерін біріктіретін орталықтар мен кеңестер жұмыс істейді. Қазіргі уақытта медиаторлар тізілімінде 432 маман тіркелген.
