2026 жылдың 13–21 шілдесі аралығында Қытайдың Шанхай қаласында 67-ші Халықаралық математикалық олимпиада (International Mathematical Olympiad, IMO) өтті. Әлемдегі ең беделді әрі ең көне зияткерлік білім додасына 117 елден 700-ге жуық дарынды оқушы қатысты деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Байқау қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 3 күміс және 3 қола медаль иеленіп, халықаралық додада сәтті өнер көрсетті.

Күміс медаль иегерлері:
- Тимур Мұрат – Алматы қаласындағы Haileybury Almaty халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы;
- Әли Еркебұланұлы – Алматыдағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы;
- Батырхан Бейганов – Республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы.
Қола медаль иегерлері:
- Ерасыл Алтынбек – Алматы қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы;
- Марғұлан Шарел – Астана қаласындағы Spectrum халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы;
- Амирлан Аманжолов – Алматы қаласындағы Haileybury Almaty халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы.
Ұлттық құраманы Қазақстан-Америка еркін университетінің президенті Асылбек Исахов пен халықаралық және республикалық олимпиадалардың бірнеше дүркін жүлдегері Қанат Сатылханов жетекшілік етті.
Халықаралық математикалық олимпиада 1959 жылдан бері ұйымдастырылып келеді және әлемдегі ең беделді пәндік олимпиадалардың бірі саналады. Қазақстан бұл білім сайысына 1992 жылдан бері тұрақты қатысып келеді.
Осы уақыт аралығында ұлттық құрама олимпиадаға 34 рет қатысып, 16 алтын, 54 күміс және 86 қола медаль, сондай-ақ 30 Құрмет грамотасын жеңіп алған. Бұл жетістік қазақстандық оқушылардың жоғары дайындық деңгейі мен еліміздің халықаралық олимпиадалардағы беделін тағы бір мәрте дәлелдейді.
