Қазақстанда тамыз айының соңынан бастап телекоммуникация саласына қатысты бірқатар заңнамалық өзгерістер күшіне енеді. Мемлекет басшысы 19 маусымда қол қойған заң байланыс қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Досжан Мұсалиев мәлімдеді деп хабарлайды SteppeNews.kz, Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, азаматтар eGov, eGov Business, eOtinish және Aitu секілді әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік мобильді қосымшаларды тегін пайдалана алады. Сонымен қатар ұялы құрылғыларды верификациялау қызметі мемлекеттік бақылауға өтеді.
Министрліктің мәліметінше, ұялы телефондарды верификациялау жүйесі іске қосылған бір жыл ішінде оң нәтижелер байқалған. Осы уақыт аралығында анықталған заңнамалық олқылықтар мен қайшылықтар жаңа қағидалар аясында түзетілмек.
Вице-министрдің айтуынша, байланыс сигналын күшейткіштерді (репитерлерді) бақылаусыз пайдалану кей өңірлерде байланыс сапасының төмендеуіне себеп болған. Енді мұндай құрылғыларды елге әкелуге және орнатуға тек байланыс операторларына ғана рұқсат беріледі.
Заңдағы өзгерістердің тағы бір бағыты – байланыс желілерінің қауіпсіздігін күшейту және алаяқтықпен күресу. Осыған байланысты интернетке қол жеткізу, IP-телефония, транкингтік байланыс және басқа да қызмет түрлері лицензиялау тәртібімен көрсетілетін болады.
Сондай-ақ ұялы байланыс абоненттеріне арналған қоңырауларды таңбалау жүйесі енгізіледі. Нәтижесінде азаматтар банктерден немесе қызмет көрсетуші ұйымдардан келетін ресми қоңырауларды алаяқтардың қоңырауларынан оңай ажырата алады.
Бұдан бөлек, пайдаланушылар байланыс операторлары жіберетін жарнамалық хабарламалар мен автоматты қоңырау қызметінен бас тарту мүмкіндігіне ие болады. Ал қосымша ақылы қызметтер енді абоненттің екі кезеңдік келісімінен кейін ғана қосылады.
Сонымен қатар радиожиілік спектрін пайдалану тәртібі жаңартылып, спутниктік байланысқа қатысты талаптар өзгертіледі. Байланыс инфрақұрылымын салуға жер телімдерін бөлу рәсімі жеңілдетіліп, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда байланыс желілерін жүргізуге мүмкіндік беріледі.
Сондай-ақ мемлекеттік маңызы бар ақпарат сақталатын деректерді өңдеу орталықтары стратегиялық нысандар қатарына енгізіліп, олардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар күшейтіледі.
