Қостанай облысында адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қайғылы оқиға Қостанай – Қарабұтақ автожолының Бейімбет Майлин ауданындағы Тобыл ауылы маңында болған деп хабарлайды SteppeNews.kz, Liter.kz-ке сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, Kia Sorento автокөлігінің жүргізушісі көлікті басқара алмай, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен. Соның салдарынан жеңіл көлік DAF маркалы жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Соққының қатты болғаны соншалық, жеңіл көліктің жүргізушісі мен жолаушылардың бірі оқиға орнында көз жұмды. Ал тағы бір жолаушы түрлі дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді.
Қостанай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта жол апатының барлық мән-жайы мен себептерін анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жол және ауа райы жағдайын ескере отырып қауіпсіз жылдамдықты таңдауға, арақашықтықты сақтауға және қарсы жолаққа шықпауға шақырды.
Дереккөз: Liter.kz
