Қытайда жазғы және күзгі маусымдағы тұтынушылық белсенділікті арттыруға арналған қызмет көрсету тұтыну фестивалі басталды. Нарыққа бағытталған бұл бастаманы Қытайдың халықаралық электрондық коммерция орталығы ұйымдастырып отыр деп хабарлайды SteppeNews.kz, Синьхуа ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
Биылғы фестиваль «Сапалы қызмет – сапалы өмір» тақырыбымен өтуде. Іс-шараның негізгі кезеңі шілде мен тамыз айларын қамтыса, кейін дәстүрлі сауда маусымы саналатын қыркүйек пен қазан айларына дейін жалғасады.
Фестивальге Қытайдың жетекші цифрлық платформалары – JD.com, Meituan, Trip.com Group, Damai, WeChat, Alipay және Douyin қатысуда.
Қатысушы платформалар цифрлық және интеллектуалды технологияларды пайдалана отырып, қоғамдық тамақтану, қонақүй қызметтері, тұрмыстық қызмет көрсету, көлік, автокөлікке техникалық қызмет көрсету, мәдени іс-шаралар, туризм және демалыс, денсаулық сақтау, сондай-ақ шетелдік туристерге арналған қызметтер саласында түрлі жеңілдіктер мен жарнамалық акциялар ұсынады.
Фестивальдің басты мақсаты – қызмет көрсету саласындағы сұраныс пен ұсынысты тиімді үйлестіру, ресурстарды ұтымды бөлу және әртүрлі тұтынушылардың қажеттіліктерін ескеру. Жоба аясында отбасымен саяхаттайтындар, егде жастағы азаматтар, кішкентай балалары бар отбасылар мен Қытайға келетін шетелдік туристерге ерекше көңіл бөлінеді.
Сонымен қатар ұйымдастырушылар Қытайдың жоғары деңгейдегі мәдени және туристік бағыттарын халықаралық деңгейде кеңінен таныстырып, шетелдік қонақтарға арналған қызметтердің сапасын арттыруды, төлем жүйелерін барынша ыңғайлы етуді көздеп отыр.
Бұл бастама онлайн және офлайн тұтыну үлгілерін біріктіріп, қызмет көрсету саласындағы цифрлық технологияларды кеңінен енгізуге, сервистің сапасын жақсартуға және саланың стандарттарын жетілдіруге бағытталған.
