Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтарға елдегі зейнетақы реформасына қатысты түсініктеме берді. Ведомство мемлекет азаматтардың зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік беретінін тағы бір мәрте растады деп хабарлайды SteppeNews.kz, KAZ.NUR.KZ. сайтына сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі таңда азаматтардың зейнетақы жинақтарын қорғаудың тиімді әрі ашық моделіне кезең-кезеңімен көшу жұмыстары жүргізілуде.
«Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес мемлекет азаматтардың зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік береді. Кодекстің 217-бабында БЖЗҚ-дағы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (МКЗЖ) нақты енгізілген сомасының сақталуына мемлекеттік кепілдік заңнамалық деңгейде бекітілген. Бұл норма өзгеріссіз сақталады», – делінген министрлік хабарламасында.
Сонымен қатар ведомство 2027 жылдан бастап зейнеткерлік жасқа жеткен салымшыларға инфляция деңгейіндегі айырманы біржолғы өтеуге арналған бюджеттік кіші бағдарлама оңтайландырылатынын хабарлады. Министрліктің айтуынша, бұл қадам зейнетақы жүйесін икемдірек әрі ұзақ мерзімді инвестициялық табыстылыққа бағытталған модельге көшіруге мүмкіндік береді.
Ал 2026 жылғы қыркүйектен бастап зейнетақы жинақтарын басқарудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Соған сәйкес, азаматтар бұрынғыдай зейнетақы активтерінің 50 пайызын ғана емес, жинақтарының 100 пайызына дейін жеке инвестициялық портфельді басқарушылардың сенімгерлік басқаруына бере алады.
Министрлік бұл өзгеріс азаматтарға өз қаражатын басқаруда көбірек таңдау еркіндігін беретінін атап өтті. Сонымен қатар жеке инвестициялық портфельді басқарушылардың қаржылық жауапкершілігі күшейтіліп, оларға капитал көлемі мен жұмыс тәжірибесіне қатысты жоғары талаптар қойылады.
Ал консервативті инвестициялық тәсілді таңдаған салымшылар үшін негізгі басқарушы бұрынғыдай Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып қала береді. Ұлттық Банк зейнетақы активтерінің сақталуын қамтамасыз етіп, олардың табыстылығын инфляция деңгейінен жоғары ұстауға міндетті.
Министрлік қазіргі уақытта зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту мәселелері бойынша арнайы жұмыс тобы жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Оның аясында сақтандыру құрамдасын енгізу, еңбек өтілін есептеу тетіктері және халықаралық тәжірибеге негізделген түрлі модельдер қарастырылуда.
