Қазақстан Оңтүстік Кореямен креативті индустрия саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жұмысты жалғастырып келеді. Осы мақсатта Сеул қаласында қазақстандық делегация Кореяның мемлекеттік органдары мен жетекші компанияларының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізіп, екіжақты әріптестікті дамыту, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесулердің бірі «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры Басқарушы кеңесінің төрағасы Ерлан Каналимов пен Оңтүстік Кореяның Мәдениет, спорт және туризм вице-министрі Ким Дэ Хённің қатысуымен өтті.
Тараптар креативті экономиканы дамытудағы мемлекеттік саясат, шығармашылық кәсіпкерлікті қолдау тетіктері және ұлттық контентті халықаралық нарыққа ілгерілету бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесу қорытындысы бойынша Қор мен Корея Республикасының креативті контентті дамыту агенттігі (KOCCA) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат кино, музыка және креативті экономиканың өзге де бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыруды, білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруды, тәжірибе алмасуды және сараптамалық зерттеулер жүргізуді көздейді.
Сапар барысында қазақстандық делегация Азиядағы ірі медиакомпаниялардың бірі MBC корпорациясының және әлемдік музыка индустриясындағы жетекші компаниялардың бірі HYBE компаниясының басшыларымен де кездесті.
Кездесуде контент өндіру, зияткерлік меншікті коммерцияландыру, жасанды интеллект технологияларын пайдалану, цифрлық платформаларды дамыту және креативті өнімдерді халықаралық нарыққа шығару мәселелері талқыланды.
Жасалған келісімдер Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы креативті индустрия саласындағы әріптестікті нығайтып, отандық авторлар мен шығармашылық кәсіп иелері үшін халықаралық мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал етеді. Сонымен қатар қазақстандық креативті өнімнің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға серпін береді.
