Шанхайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен бизнес-форум аясында Алматы қаласының әкімдігі, Nero Robotics компаниясы және UBTECH Robotics компаниясының негізін қалаушы Чжоу Цзянь арасында Алматыда гуманоидты және білім беру роботтарын шығаратын зауыт салу жөніндегі келісімге қол қойылды деп хабарлайды SteppeNews.kz, Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
UBTECH – робототехника саласындағы әлемдік жетекші компаниялардың бірі. Компанияның нарықтық капитализациясы шамамен 6 млрд АҚШ долларын құрайды. Оның роботтары бүгінде әлемнің көптеген еліндегі өндірістік кәсіпорындар мен білім беру ұйымдарында кеңінен пайдаланылады.

Алматы UBTECH компаниясының шетелдегі алғашқы өндірістік жобасын іске асыратын қала ретінде таңдалды. Қазіргі уақытта гуманоидты және білім беру роботтарын шығаратын зауыттың құрылысы басталып кетті. Өндірісті 2027 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жоба аясында өндірістік кешенмен қатар инженерлік-зерттеу орталығы ашылып, озық технологиялар енгізіледі. Сонымен бірге қазақстандық мамандарды робототехника саласына бейімдеп, кәсіби даярлау жұмыстары жүргізіледі.
Бұл жоба Алматыға жаңа инвестициялар тартуға, жоғары технологиялық жұмыс орындарын құруға және қаланың инновациялар мен озық технологиялар орталығы ретіндегі әлеуетін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
