15 шілде күні Астанада «Си Цзиньпиннің мемлекеттік басқару туралы» атты кітаптың бесінші томының таныстырылымы өтті деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Іс-шараға қатысушылар бұл еңбектің жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшелігі бар социализм идеяларының соңғы жетістіктерін жан-жақты қамтитынын атап өтті. Сондай-ақ кітап халықаралық қауымдастыққа Қытайдың жаңғыру жолы мен қазіргі даму үлгісін тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін маңызды басылым ретінде бағаланды.
Жиында Қазақстан мен Қытайдың жаңғыру жолындағы серіктес әрі пікірлес мемлекеттер екені айтылды. Қатысушылардың пікірінше, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік басқару мәселелеріне арналған еңбегі төңірегіндегі тәжірибе алмасу екі ел арасындағы тағдыры ортақ қауымдастықты дамытуға және ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Шара барысында қытай тарапы қазақстандық қатысушыларға «Си Цзиньпиннің мемлекеттік басқару туралы» кітабының төртінші томының қазақ тіліндегі және бесінші томының орыс тіліндегі басылымдарын табыстады.
Сонымен қатар Қытай мен Қазақстанның сараптамалық орталықтары, жоғары оқу орындары мен кәсіпорындарының өкілдері екі ел арасындағы практикалық ынтымақтастықтың жергілікті халыққа тигізіп отырған пайдасы туралы мысалдарымен бөлісті. Сарапшылар Қытай мен Қазақстанның тағдыры ортақ қауымдастығын қалыптастыру, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасын бірлесіп дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.
Іс-шараны Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесінің Баспасөз кеңсесі, Қытайдың Шет тілдеріндегі әдебиеттерді басып шығару және тарату басқармасы және Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі бірлесіп ұйымдастырды.

Таныстырылымға Қытай мен Қазақстаннан 200-ден астам өкіл қатысты. Олардың қатарында баспа ісі, бұқаралық ақпарат құралдары, сараптамалық орталықтар, жоғары оқу орындары, кәсіпорындар және өзге де салалардың өкілдері болды.
