Алматы қаласының Медеу ауданындағы жастар комьюнити орталығында ұлттық зияткерлік ойын – тоғызқұмалақтан тегін курстардың ресми ашылуы өтті деп хабарлайды SteppeNews.kz, Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Жоба Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы мен «Алматы қаласы Тоғызқұмалақ федерациясы» қоғамдық бірлестігінің бірлескен бастамасымен жүзеге асырылып отыр. Оның мақсаты – жастар арасында ұлттық ойынды кеңінен насихаттап, олардың логикалық ойлау қабілетін дамыту және ұлттық мәдени мұраны дәріптеу.

Іс-шара барысында жоба таныстырылып, қаладағы жастар комьюнити орталықтарының басшыларына тоғызқұмалақ ойын жиынтықтары табысталды. Бұл құралдар алдағы уақытта ұйымдастырылатын тегін сабақтарда қолданылатын болады.
«Алматы қаласы Тоғызқұмалақ федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Руслан Қалиоллаев тоғызқұмалақтың қазақ халқының бірегей зияткерлік мұрасы екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл ойын логикалық ойлауды, стратегиялық шешім қабылдау мен талдау қабілетін жетілдіруге ықпал етеді.

Сондай-ақ федерация өкілдері Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасымен бірлескен жұмыс алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Жоспарға тұрақты оқу сабақтары, шеберлік дәрістері, әуесқойлар арасындағы турнирлер және ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар енгізілген.
Тегін курстарға Алматы қаласының барлық қызығушылық танытқан жастары қатыса алады. Сабақтарды Тоғызқұмалақ федерациясының тәжірибелі нұсқаушылары жастар комьюнити орталықтарында өткізеді.
