TikTok Қазақстанда қауіпсіз цифрлық кеңістік қалыптастыру жұмыстарын жалғастырып келеді. Платформа 2026 жылдың бірінші тоқсанына арналған Қауымдастық қағидаларын сақтау туралы есебін жариялап, контентті модерациялау нәтижелері мен қауіпсіздікті күшейту бағытындағы жаңа өзгерістерді таныстырды.
Есепке сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстанда Қауымдастық қағидаларын бұзған 1,28 миллион бейнеролик жойылған.
Компания мәліметінше, жойылған видеолардың 99,4%-ы пайдаланушылар шағымданбай тұрып автоматты түрде анықталған. Ал 95,6%-ы жарияланғаннан кейінгі алғашқы 24 сағат ішінде өшірілген.
Әлемдік көрсеткіштер де осы бағыттағы жұмыстың ауқымын көрсетеді. 2026 жылдың алғашқы үш айында TikTok бүкіл әлем бойынша Қауымдастық қағидаларын бұзған 184 миллионнан астам бейнероликті жойды. Оның ішінде 99,3%-ы қолданушылардың шағымына дейін анықталса, 94,4%-ы жарияланған алғашқы тәулік ішінде өшірілген.
Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда Қауымдастық қағидаларын бұзған 5,5 миллионнан астам бейнеролик платформадан жойылған болатын.
2026 жылдан бастап TikTok контентті модерациялау статистикасына алғаш рет жасанды интеллект көмегімен автоматты түрде жойылған видеоларды да енгізе бастады. Компанияның мәліметінше, бүгінде автоматтандырылған жүйелер, соның ішінде жасанды интеллект технологиялары, платформадағы барлық контентті жою әрекеттерінің 96%-дан астамын қамтамасыз етеді. Бұл талапқа қайшы келетін жарияланымдарды барынша жылдам анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, TikTok тікелей эфирлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын да күшейтіп отыр. 2026 жылдың бірінші тоқсанында платформа әлем бойынша 50,8 миллион LIVE трансляцияны тоқтатты.
Бұдан бөлек, LIVE эфирлер арқылы табыс табу талаптарын бұзған авторларға қатысты да бақылау күшейтілді. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша 58,2 миллионнан астам тікелей эфирде авторларға ескерту жасалып немесе олардың монетизация құралдарын пайдалану мүмкіндігі шектелген.
TikTok бұл шаралардың барлығы пайдаланушылар үшін қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыруға және бірегей әрі сапалы контент жасайтын авторларды қолдауға бағытталғанын мәлімдеді.
