Алматы әлемдегі ең танымал гастрономиялық бағыттардың бірі ретінде танылды. Американың беделді Eater басылымы қаланы 2026 жылға арналған «Where to Eat» рейтингінде тағамсүйер қауым міндетті түрде баруы тиіс бағыттардың қатарына қосты. Бұл туралы Алматы қаласы Туризм басқармасы мәлімдеді.
Әлемдегі мейрамханалар мен гастрономия тақырыбындағы ең ықпалды медиа платформалардың бірі саналатын Eater тізіміне ену Алматының халықаралық туристік имиджін нығайтып, гастрономиялық туризмнің дамуына серпін береді.
Басылымның бағалауынша, соңғы жылдары Алматы Орталық Азиядағы маңызды аспаздық орталықтардың біріне айналған. Бұған қалада алғаш рет ұйымдастырылған Almaty Food Fest халықаралық фестивалі мен Алматының алғашқы ресми гастрономиялық гидінің жарық көруі дәлел.

Сарапшылардың пікірінше, Алматының ерекшелігі – қазақтың көшпелі тағам дәстүрін ұйғыр, өзбек, орыс, корей, түрік және үнді асханаларымен үйлестіре білуінде. Мұнда қазы, бауырсақ, лағман, самса және ет тағамдары секілді ұлттық дәмдер көпұлтты гастрономиялық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналған.
Eater материалында «Көк базар» ұлттық тағамдардың дәстүрлі дәмін сақтап қалған орын ретінде аталады. Сонымен қатар, қаладағы нео-көшпелі бағыттағы мейрамханалар қазақ асханасын заманауи үлгіде ұсынып, туристердің қызығушылығын арттырып келеді.
Басылым Алматыдағы шай ішу мәдениетіне де ерекше назар аударған. Авторлар қазақ дастарханында шәйнектің әрдайым төрде тұратынын атап өтіп, қала қонақтарына сәбіз қосылған палау мен қазыдан дәм татып көруге кеңес береді. Сондай-ақ ұлттық тағамдарға маманданған мейрамханалардың көптігі саяхатшыларға қазақ асханасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретіні айтылған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
