Әлемге әйгілі әнші Энрике Иглесиас қазақстандық суретші әрі блогер Әсел Сабыржанқызының шығармашылығына назар аударып, оның бейнежазбасын өзінің ресми әлеуметтік желідегі парақшаларында бөлісті, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Әнші Facebook және X желілеріндегі ресми аккаунттарында жарияланған репостқа «See you soon Kazakhstan» деген жазба қалдырды. Энрике Иглесиастың Facebook парақшасына 49 миллионнан астам, ал X желісіндегі аккаунтына 10,9 миллионға жуық оқырман жазылған.

Әсел Сабыржанқызы дәстүрлі кенептің орнына кілемді пайдаланып сурет салуымен танымал. Оның жариялаған бейнеролигінде Энрике Иглесиастың Ring My Bells әні музыкалық сүйемелдеу ретінде қолданылған.
Бейнежазба сюжетіне сәйкес, шығармашылыққа деген құлшынысын қолдамайтын күйеуімен жанжалдасқан қыз ғимараттың төбесіне шығып, аэрозольді бояулар мен кілемді пайдаланып Энрике Иглесиастың үлкен портретін салады. Жазба соңында суретші оқырмандарынан бұл туындыны әнші көруі үшін оның ресми парақшасын белгілеуді сұраған.

Көп ұзамай бұл өтініш орындалып, Энрике Иглесиас бейнежазбаны байқап, оны өзінің Facebook және X әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында бөлісті.
Әншінің бұл әрекеті әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, Қазақстанда өтетін алдағы концерттеріне деген қызығушылықты арттырды.
Энрике Иглесиас – әлемдік поп музыкадағы ең табысты орындаушылардың бірі. Billboard нұсқасы бойынша ол ең танымал латынамерикалық әншілердің қатарында. Өнер жолында оның музыкалық альбомдары мен синглдері 180 миллионнан астам данамен сатылған.

Биыл күзде Энрике Иглесиас Қазақстанда алғаш рет жеке концерттерін өткізеді. Әнші 3 қыркүйекте Астанада, ал 5 қыркүйекте Алматыда өнер көрсетеді. Концерттік бағдарламада Bailando, Hero, Escape, Tonight, Súbeme la Radio және басқа да танымал хиттері шырқалады.
Концерт билеттері Freedom SuperApp пен Ticketon.kz платформаларында сатылымға шыққан.
